Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінде ел құрамасынан Сағындық Тоғамбай (92 келі) алғашқы болып финалға шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда ресейлік Рамазан Ханалиевпен қолғап түйістірді. Ол үш раундта да қарқынды ойын көрсетті. Ал үшінші раундта қарсыластар ашық айқасқа шықты. Төрешілердің бірауыздан шешімімен Сағындық жеңімпаз деп танылып, финалға жолдама алды.
Енді ол финалда әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері кубалық Альфонсо Лорен Домингеспен жұдырықтасады. Бұл боксшы бүгінде Әзербайжан елінің атынан сынға түсіп келеді.
Айта кетсек, бүгін ел құрамасынан үш боксшы шаршы алаңға шықты. Ширек финалда Бақтияр Смағұлов (67 келі), жартылай финалда Бекзат Таңатар (86 келі) қарсыластарына есе жіберді.
Енді ел құрамасынан Теміртас Жүсіпов (48 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Дархан Дүйсебай 71 (келі) сынға түседі. Ал ел құрамасынан Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Серік Теміржанов (63,5 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жарыс жолын ерте аяқтады.