Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты өзіне тағылған айыпқа жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сот отырысы тікелей эфирде көрсетілді.
"Мен видеоларды өшіруді сұрағанымды, Салтанаттың телефонын үйге апаруды өтінгенімді мойындаймын. Қылмыс жасадым ба, білмеймін. Сол кезде Салтанаттың өлім аузында жатқанын, не өліп кеткенін білмедім", – дейді Бақытжан Байжанов сотта.
Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).
Айта кетейік, экс-министрге әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.
Еске салайық, былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны хабарланды. Ол сол кезде әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.
Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.