Қасым-Жомарт Тоқаев Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.
Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек – Қасым-Жомарт Тоқаев
274
оқылды

Мемлекет басшысы  жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Биылғы XXIII форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтіп жатыр.

Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.