Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласынан 50 әскери келіп, суды тежеу және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін жұмылдырылды.
Батыс Қазақстанда 430-дан астам тұрғын үйді су басты
Фото: БҚО ТЖД
972
оқылды

Батыс Қазақстан облысында қардың күрт еріп, жауын-шашынның көп түсуі себебінен 432 тұрғын үйдің ішіне су кірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, әсіресе, Сырым және Қаратөбе аудандарында жағдай күрделі. 

Сырым ауданында Өлеңті өзенінің тасуынан Өлеңті, Жымпиты, Бұлдырты ауылдарында тұрғын үйлерді су басты. Сонымен қатар 5 елді мекенде электр желісінде болған авариялық ажырату салдарынан ұялы байланыс та болмады. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 

Аталған үш ауылда үйін су басқандар туған-туыстарының үйіне орналасты. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласынан 50 әскери келіп, суды тежеу және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін жұмылдырылды. 

«Қаратөбе ауданында Жақсыбай өзені жағадан шығып, Қоржын ауылының тұрғын үйлерін су басқаны белгілі. Бастапқыда тұрғындар ауылдағы мектепке орналастырылған болатын. Қазіргі кезде Ақтөбеден келген 2 тікұшақпен су қоршауында қалған Қоржын ауылынан адамдар қауіпсіз жерге оқшауландырылып жатыр»,  деп хабарлады ведомстводан. 

«AMANAT» партиясы БҚО филиалының баспасөз қызметі «Жастар рухы» еріктілерінің Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы тұрғындарына азық-түлікпен шығатынын, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары материалдық көмек ұйымдастырып жатқанын жеткізді. Облыстық, аудандық филиал өкілдері біркүндік жалақыларын аударуда.