Рухани кеште елімізге танымал әншілер, өнер ұжымдарының өкілдері сазгердің әндерін шырқады.
Астанадағы Ұлттық кітапханада Кентау Назарбектiң авторлық ән жинағының тұсаукесерi өтті

Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілi өнер шеберлерінiң қатысуымен қазақ өнерінің қайраткері, әнші, композитор Кентау Назарбектiң "Қазағым, жаса мәңгілік" атты авторлық ән жинағының тұсаукесерi өтті.

Бұл жинаққа әншілік өнер мен саз әлемінде өзіне тән үнімен, әуезді әуенімен танылған, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Кентау Назарбектің әндері топтастырылған. Әнсүйер көпшілік қауымның, кәсіби өнер иелерінің талап-талғамын ескеріп, әндердің өлеңі мен ноталары қатар берілген. Сонымен қатар сазгер жайлы руханият пен өнер саласындағы аға буын өкілдерінің жүрекжарды лебіздері мен пікірлері де жинаққа енген.

Алпысқа жуық әннің, соның ішінде халық көкейінен шыққан «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әннің авторы бүгінде шығармашылық өрлеу шағында. 1993 жылғы «Үкілі үміт» атты республикалық композиторлар байқауының, Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған қалалық, республикалық композиторлар байқауының жүлдегері.

"Абай өлеңі" әнінің авторы, композитор Кентау Назарбек – хакім Абайға арнап ән жазған тұңғыш композитор. Бойына бір емес бірнеше өнерді сыйдырған сазгердің әндерінің тақырыптары тәлім мен тәрбиеге, бай тағылымға бағытталған. «Баласы жақсы болса..», «Әкешім-Анам», «Сыйласқанға не жетсін!» атты әндері көпшілікке жақсы таныс», – дейді кешке келген қоғам қайраткері Серік Әбдірахманұлы.

Сондай-ақ, сазгер-әншінің «Мен қазақпын», «Ұлы еліме», «Құралайым» , «Қайда кетіп барасың?!», «Үш бақытым», «Жастық», «Жарық күн», «Бүгін менің туған күнім ой, пәлі-ай…» «Мен қазақпын», «Жүрегім жүрегіңде», «Қазақ жері», «Бір бәйтерек, бір шынар», «Мені ізде», «Сыйласайық» және т.б. әндері халық арасында кең таралған.

Рухани кеште елімізге танымал әншілер, өнер ұжымдарының өкілдері сазгердің әндерін шырқады.

Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер иелері және оқырмандар қатысты.