Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса мәлім етті.
Көкшетауда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды
783
оқылды

Көкшетауда су тасқынының ауыр зардаптарына байланысты жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланды. Бұған қаланың ортасынан ағып өтетін Қылшақты өзенінің арнасынан шамадан тыс мөлшерде арнасынан асып кетуі себеп болған, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса мәлім етті.

«Құрметті көкшетаулықтар!

Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің қалыптан тыс көтерілуіне байланысты күрделі су тасқыны жағдайына байланысты тұрғындарымыздың өмір сүру жағдайлары бұзылды. Жағдайды тұрақтандыру үшін Көкшетауда ТЖ режимін жариялау туралы шешім қабылданды, оның шеңберінде барлық залал бағаланып, оларды өтеу жөніндегі мәселелер комиссиялық түрде шешілетін болады.

Салдарды жою жөніндегі штаб құрылды, су басу аймағында тұратын тұрғындарды эвакуациялау жүргізілуде.

29 наурыздағы жағдай бойынша жүзге жуық адам дайындалған орындарға орналастырылды.

Барлық зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі.

Жерлестеріме жағдайды түсінгеніңіз үшін және су тасқынына қарсы күресте қолдан келгенше көмек көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын.

Зардап шеккендерге өтініш беру үшін 8 775 666 99 08 (Ватсап) телефонына хабарласуларыңызды сұраймыз», - деді Көкшетау қаласының әкімі.

Жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдай қызметінің ресми мәліметінше, қазіргі уақытта үйлерін су басқан қала тұрғындарын қауіпсіз жерге эвакуациялау жүргізілуде. 

«Қазіргі уақытта барлығы 113 адам эвакуацияланды, оның ішінде 30 бала. Көкшетау қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ бейімдеу орталығына 50-ден астам адам орналастырылды.

Бүгін, Қылшақты өзенінің жағасынан судың шығуына байланысты 16 жеке үй, 29 жеке аула аумағы және 12 көп қабатты тұрғын үй ауласы, сондай-ақ «Ертөстік» балабақшасының 1 қабаты су астында қалды. Қазіргі уақытта еріген суды сору жұмыстары жалғасуда.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыстар ауысым бойынша үзіліссіз жүргізілуде», - деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы