Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұрғанына назар аударды.
– Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам жасалып отыр. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы осы құрлықтың үлесіне тиесілі. Мұнда әлемнің ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалары орналасқан. Соңғы жылдары Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Сондай-ақ бұл аймақта патенттік әзірлемелердің 70 пайызына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталықтары бар. Құрлық айтарлықтай адами ресурсқа ие. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша, оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.
– Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды.
– Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.
– Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты нығайту маңызды екенін жеткізді. Бұл орайда Қ.Тоқаев Қытайдың «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын» қолдады. Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты саналады.
– Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Мемлекет басшысы осы сапарында БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының Президенті Пан Ги Мунмен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті Боао форумына қатысуға шақырғаны үшін Пан Ги Мунға ризашылығын білдіріп, оның БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған кезде әлемдік қауымдастыққа елеулі еңбек сіңіргенін атап өтті.
– Менің пікірімше, Сіз Біріккен Ұлттар Ұйымы тарихындағы ең үздік бас хатшылардың бірі ретінде қызмет еттіңіз. Екі жарым жыл Сіздің жетекшілігіңізбен жұмыс істеу мен үшін керемет кезең әрі зор мәртебе болды, – деді Президент.
Өз кезегінде Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты.
– Сіз Қазақстан Президенті ретінде өңірдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, адамзат пен БҰҰ-ның мүмкіндіктерін кеңейтуге белсенді атсалысып келесіз. Менің ойымша, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы аса маңызды көпір рөлін атқарып отыр. Сіз Шығыс пен Батыстың ахуалын жақсы түсінесіз. Бұл ретте тәжірибеңіз мол, – деді Корея дипломаты.
Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде БҰҰ-ның жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсерудегі рөлі талқыланды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық бастамаларына да тоқталды. Бас Ассамблеяның 79-шы сессиясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп, One Water саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Астанада 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит ұйымдастырылады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Пан Ги Мунды алдағы Астана халықаралық форумына бас спикерлердің бірі ретінде қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Боаоға жұмыс сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді.
– Боао форумына қатысқаныма қуаныштымын. Бұл өте маңызды әрі қолдауға лайықты шара деп санаймын. Сондықтан мен арнайы келіп, форумда сөз сөйлеуге шешім қабылдадым. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Төраға Си Цзиньпинге жылы лебізімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтеміз. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен қолға алынған маңызды бастамалардың бәрі толықтай жүзеге асатынына сенімдіміз. Си Цзиньпин мырзаның елдеріміз арасындағы тату көршілік, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынастарды және мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіріп, қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Құрметті Президент Тоқаев мырза, Сізбен кезекті рет кездескеніме өте қуаныштымын. Былтыр Төраға Си Цзиньпинмен Сианьда және Бейжіңде екі рет кездестіңіз. Екіжақты қарым-қатынасты дамыту жөніндегі жаңа әрі ауқымды жоспар айқындалды. Қытай тарапы мемлекеттер басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды іске асыру, саяси сенімді нығайту және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету үшін қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деді Чжао Лэцзи.
Боао Азия форумының аясында Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас хатшысы Матиас Корманнмен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті Бас хатшыға ілтипат білдіре отырып, оның Боао форумына қатысуы ЭЫДҰ-ның Азияға айрықша назар аударатынын дәлелдейді деп атап өтті.
– Бұл аймақты алып экономикалық қауымдастық деуге болады. Сондай-ақ Қазақстан осы кеңістікте, кем дегенде, өңірлік өлшемде аса маңызды рөл атқарады. Форумда сөйлеген сөзімде ЭЫДҰ-мен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән беретініміз жөнінде айттым. Өкілдеріміз ЭЫДҰ комитеттерінің отырыстарына тұрақты түрде қатысады. Біз ұйымның ұсыныстарын ескеруге тырысамыз. Өздеріңізге мәлім, мен Қазақстанның экономикалық саясатын ЭЫДҰ-ның жоғары стандарттарына сәйкестендіру жөнінде мақсат қойдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Матиас Корманн ұйымның Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға бейілді екенін растады.
– Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы байланыстар өте жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Болашақта бұл қатынастарды кеңейту және нығайту үшін мол әлеует бар. Қазақстан өз саясатын ЭЫДҰ-ның стандарттары мен озық тәжірибесіне сәйкестендіруге ниетті екені қуантады. Сіздің реформаларыңыздың бағдарламаларына көмектесу және қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біз бүгінде алдымызда тұрған көптеген мәселені шешу мақсатында жаһандық ынтымақтастық деңгейін көтеруге мүдделіміз, – деді ЭЫДҰ басшысы.
Боао Азия форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді. Кездесу барысында ШЫҰ жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Президент Ұйымның «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді.
– Бізге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Өйткені қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, алдағы Астана саммитінің маңызы өте зор. Саммит барысын және оның аясында қабылданатын шешімдер мен келіссөздерді бүкіл әлем бақылап отырады. Білуімше, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары аталған жиынға түгел қатысуға ниет білдіруде. Ұйымдастырушы тарап ретінде Қазақстан саммиттің табысты өтуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасайды, – деді Қ.Тоқаев.
Президент ҚХР-ға жұмыс сапарының екінші күні State Power Investment Corporation (SPIC) компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген серіктестік перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа China Power International Holding еншілес компаниясының Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Соңғы бес жылда Жаңатаста жел энергиясы жобасы жүзеге асырылып, Қарағандыда күн электр стансасы салынды.
Қазақстан Президенті Sany Group Co. Ltd Директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сян Вэньбо «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Корпорация Қазақстанда жалпы қуаты 1ГВт жел электр стансасын салу жобасын жүзеге асыруға қатысып жатыр және жаңартылатын энергия көздеріне арналған мұнара, қалақ және гондола құрастыратын зауыт салу мүмкіндігін қарастыруда.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Sany Group Co. Ltd компаниясымен арадағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екеніне назар аударды. Атап айтқанда, елімізде арнаулы техникалар, сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектерін шығаратын бірлескен өндірісті жолға қою перспективті саналады.
Осы ретте Қытай компаниясына Қазақстанда аймақтық R&D орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл орталық компанияның ЕАЭО нарығындағы қызметін ілгерілетуге септігін тигізеді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сян Вэньбоны биыл елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.