«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 5 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
31 наурызда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев пен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Олжас Бектеновтің кездесуі өтті.
«Тұжырымдамаға сәйкес қордың мақсаттарының бірі – төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсету. Осыған байланысты Қор Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жалпы сомасы 5 млрд теңгеге су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсететін болады», – делінген хабарламада.
Қайырымдылық көмек көрсетудің негізгі талабы – жергілікті атқарушы органдардың объективті тексеріс жүргізуі және тиісті сараптама ұйымдарының ауылдық тұрғын үйді жарамсыз деп тану фактісі.
«Қор растау құжаттарын қабылдағаннан кейін тиісті ішкі шешім бекіту рәсімдерін жүргізетін болады. Сондай-ақ қор тарапынан 2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында көрсетілген қайырымдылық көмек тәжірибесіне сүйеніп, ауылдық елді мекендердегі су тасқынынан зардап шеккен осындай 200 үй салуға болады деп пайымдайды», – деді қордан.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген болатын.
Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.