1 сәуір күні сағат 02:00-дегі ақпарат бойынша әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жиыны 560 тұрғын 4 автобуспен 3 эвакуациялық пункттерге (сыйымдылығы 180, 300, 270) көшірілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазір Миялы ауылын су басу қаупі жоғары деңгейде. Тасқын су «Миялы-Сағыз» тасжолы бойын шайып өтіп, жол қатынасы қиындады.
Ойыл бойында орналасқан 407 шаруа қожалық иесіне қауіпсіз аумаққа төрт түлік малын көшіру жөнінде алдын ала ескерту беріліп, Жамбыл, Жангелдин, Ойыл, Тайсойған округтеріндегі 7 шаруа қожалығынан 2 209 қой-ешкі, 448 мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе және 14 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды.
Ауыл іргесіне бөгет көтеру, қапшыққа құм толтыру, жағаларды биіктету жұмысына 275 мекеме қызметкері, 48 полиция қызметкері, 35 төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері және 3 000-нан астам ерікті жұмылдырылды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 4 судан құтқару жасағы, 80 құтқарушы ауданға көмекке келді. Сонымен қатар 1 трэкол, 1 вахтовка, 1 Уаз, 3 арнайы техника мен 3 моторлы қайық келді.
Аудан бойынша 65 арнайы техника, Миялы ауылында 16 техника жұмыс істеп жатыр.
Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы «Нұркапитал» ЖШС-нан 1 бульдозер, «Сұңқар Құрылыс ЛТД» ЖШС 1 погрузчик, 1 экскаватор, «Темірстройсервис» ЖШС-нан 1 погрузчик, 1 экскаватор, «Нұркапстройгаз» ЖШС-нан 1 погрузчик техникалары көмекке келе жатыр.
Баян Жанұзақова