Сазды өзенінің Елек өзеніне құятын тұсындағы бау-бақша ұжымы тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды.
Ақтөбе қаласының орталығы арқылы өтетін Сазды өзені тағы көтерілді
1,941
оқылды

Ақтөбеде қаланың орталығы арқылы өтетін Сазды өзенінде су деңгейі тағы көтерілді. Соған байланысты өзен бойындағы саяжай тұрғындарына көшу ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов күн жылынып, өзен сулары көтерілгенін айтып, мәлімдеме жасады.

«Сазды және Жіңішке өзендерінде су деңгейінің көтерілгені байқалды. Осыған орай департаменттің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жоғары дайындыққа келтірілді. Аталған өзен жағалауына жақын орналасқан үйлердің тұрғындары су басу қаупі күрделенген жағдайда 112 және 109 желісіне хабарласуы сұралады», деді ол. 

Осы ретте Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Сазды өзенінің Елек өзеніне құятын тұсындағы бау-бақша ұжымы тұрғындарын эвакуациялауға шешім қабылдады.

«Вохр, Махамбет бау-бақша ұжымдарына қауіп бар. Сондықтан жағалауды топырақпен көтеріп, бекіту жұмыстарын жасап жатырмыз. Ал мұндай жұмыстарды жүргізу мүмкіндігі жоқ бау-бақша ұжымдарының тұрғындарын эвакуациялап жатырмыз. АЗХС-2 бау-бақша ұжымынан 25 адам мектепке эвакуацияланды»,  деді қала әкімі.