Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов моноқалалар әкімдіктеріне кәсіпкерліктің өсуі үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл тәсілдің тиімді екенін Саран қаласы үлгі ретінде көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өңірде 2021 жылы Индустриалдық аймақ құрылғаннан кейін оң динамика байқалды: қала бюджетіне түскен салықтық аударымдар 4,5 есеге артты, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды және көлік құралдарын, автомобиль дөңгелектерін, полиэтилен құбырларын, тұрмыстық техника шығаратын бірқатар өндіріс орындары ашылды.
«Саран қаласы айтарлықтай түрленді. Даму көрсеткіштері жоғарылады», – деді Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сәйкес, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін еліміздің бірнеше моноқаласында өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру көзделген. Сондай-ақ бүгінде Ақтөбе, Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері тиісті жобаларды жүзеге асырып жатыр.