Тергеу барысында алаяқтықтың 10 эпизоды анықталды
Петропавлда бірнеше адамға ірі көлемде шығын келтірген алаяқ сотталды
249
оқылды

Петропавл қаласында еш жерде жұмыс істемейтін әйел бірнеше жыл бойы таныстарын алдап, солардың есебінен күн көріп келген. Тергеу барысында алаяқтықтың 10 эпизоды анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 жастағы әйел түрлі себептерді сылтау етіп қарызға ақша сұрап келген, әрі өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырған. 2019 жылы келіншек жәбірленушілердің бірін сендіріп, шұғыл түрде жылжымайтын мүлік аламын деп ақша сұрап алған. Алданып қалатынын білмеген әйел пәтерін кепілге қойып, ірі сомада несие алады. Салдарынан 12 млн теңге шығын шекті.

Петропавл қаласым Полиция басқармасының тергеушілері күдіктінің қылмыстық әрекетін тергеу барысында 45 мың теңгеден бірнеше миллиондаған теңгеге дейін шығын келтірілген алаяқтықтың 10 эпизодын анықтады. Жәбірленушілердің көпшілігі оған сеніп, қанша жыл өтсе де берген қарыздары қайтарылады деп ойлаған. Полицияға тек төртеуі ғана жүгінген.

Өзгелердің ақшасына күн көруді әдетке айналдырған әйел 2023 жылдың көктемінде кондитерлік өнімдер мен жидектерден құралған гүл шоқтарын сату туралы хабарландыруларды интернет кеңістігінде орналастыра бастаған. Клиенттердің біріне тапсырысқа сай келмейтін тәтті гүл шоғын жіберген. Енді бір адам ақшасы төленіп, уәде еткен тауарды мүлдем алмаған. Осылайша,  тағылған айыпқа интернет алаяқтықтың екі эпизоды қосылды.

Биыл наурыз айында Петропавл қалалық соты алаяқ әйелді 4 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындап, келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне енді.