BBC News басылымының хабарламасында АҚШ пен Ұлыбритания үкіметтері жасанды интеллект құралдарының қауіпсіздігін бағалау әдістерін бірлесіп әзірлейтіні айтылды. Ағылшын басылымына сілтеме жасаған Aikyn.kz қол қойылған келісімнің мақсатын түсіндіреді.
Джина Раймондо мен Мишель Донелан алдыңғы қатарлы ЖИ-ді сынау үшін бірлесіп жұмыс істеу туралы маңызды келісімге қол қойды. Фото UK Government сайтынан алынды
АҚШ сауда министрі Джина Раймондо мен Ұлыбританияның технология министрі Мишель Донелан алдыңғы қатарлы ЖИ-ді сынау үшін бірлесіп жұмыс істеу туралы маңызды келісімге қол қойды. Дүйсенбіде (1 сәуірде) қол қойылған келісімде екі ел жасанды интеллект құралдарының және оларға негізделген жүйелердің қауіпсіздігін бағалаудың «мықты» әдістерін әзірлеу үшін бірлесіп жұмыс істейтіні айтылған.
Ұлыбританияның технология министрі Мишель Донелан бұл «біздің заманымыздың технологиялық мәселесі» екенін және «ЖИ-дің қауіпсіз дамуын қамтамасыз ету ортақ жаһандық міндет екенін» мәлімдеген.
«Тек бірлесіп жұмыс істеу арқылы біз осы технологиямен байланысты тәуекелдерді жеңе аламыз және барлығымызға оңай әрі саламатты өмір сүруге көмектесу үшін оның орасан зор әлеуетін пайдалана аламыз», – дейді британдық министр.
Келісім 2023 жылдың қарашасында Британ премьер-министрі Риши Сунактың бастамасымен Блетчли паркінде өткен ЖИ-дің қауіпсіздік саммитінде қабылданған міндеттемелерге негізделген.
OpenAI-дан Сэм Альтман, Google DeepMind-тен Демис Хассабис және технологиялық миллиардер Илон Маск, басқа да ЖИ көшбасшылары қатысқан шарада Ұлыбритания мен АҚШ ашық және жабық бастапқы ЖИ жүйелерін бағалауға бағытталған жасанды интеллектің қауіпсіздік институттарын іске қосқаны белгілі.
Саммиттен өткеннен бері ЖИ қауіпсіздік майданында тыныштық орнағанымен, ЖИ секторының өзі қарқынды даму бағытымен келеді. ChatGPT, Gemini, Claude сияқты ірі ЖИ чат-боттары арасындағы бәсекелестік күн өткен сайын күшеюде. Әзірге осы қызметтің артында тұрған америкалық компаниялары ғана реттеу тұжырымдамасымен келісіп жұмыс істеуде, бірақ реттеуші мемлекеттік органдар ЖИ-ға қойылатын талаптар мен шектеулер ережесін жасаған жоқ.
Реттеуші органдар ЖИ-ға қойылатын талаптар мен шектеулер ережесін жасаған жоқ. Фото AP Photo сайтынан алынды. Авторы: Alex Brandon
Реттеуші органдар жасанды интеллект компаниялары бөліскісі келмейтін ақпаратқа қол жеткізуді де талап еткен жоқ. Мысалы, ЖИ құралдарын үйрету үшін пайдаланылатын деректер немесе оларды пайдаланудың экологиялық шығындары.
Еуроодақтың «Жасанды интеллект туралы» заңының жобасы қаралу үстінде, ол күшіне енгеннен кейін ЖИ жүйелерін әзірлеушілерден өздерінің тәуекелдері туралы алдын ала хабарлауды және олар пайдаланатын деректер туралы ақпаратпен бөлісуді талап етеді деп күтілуде.
Бұл өте маңызды, өйткені OpenAI жақында технология тудыратын «ауыр тәуекелдерге» байланысты, әсіресе сайлау жылында өзі әзірлеген дауысты клондау құралын шығармайтынын айтты. Қаңтар айында АҚШ президенті Джо Байденге ұқсайтын ЖИ арқылы жасалған жалған робот сайлаушыларды Нью-Гэмпширдегі праймеризді бармауға шақырған еді.
ЖИ жүйелері интеллектуалды тапсырмаларды орындауға қабілетті. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Ismagilov
Жасанды интеллект жүйелерінің көпшілігі әдетте адамдар орындайтын таңдалған интеллектуалды тапсырмаларды ғана орындауға қабілетті. Бір ғана тар тақырып бойынша жұмыс істейтін ЖИ жүйелері деректерді жылдам талдаудан бастап пайдаланушы қойған сұрауларға жауап бере алады. Бірақ технология саласының беделді мамандары адамдардан ақылдырақ, «жалпы мақсаттағы» ЖИ құралдары адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін деген алаңдаушылықтар білдіруде.
Профессор сэр Найджел Шадболт BBC Today бағдарламасына: «Химиялық, ядролық және биологиялық технологиялар сияқты ЖИ де жақсылық пен жамандық үшін қолданылуы мүмкін», – дейді. Бірақ Оксфорд университетінің профессоры ЖИ-дің экзистенциалды қауіптері туралы қорқыныш «кейде асыра айтылатынын» да ескертеді. «Біз ЖИ-дің үлкен мүмкіндіктерін зиянды мақсатқа қолданылмауын зерттеу үшін барлық күш-жігерді қолдауымыз керек. Біз бұл модельдердің қаншалықты осал екенін, сонымен қатар олардың қаншалықты күшті екенін түсінуіміз керек», – дейді ол.
Жасанды интеллект арандатушылық видеолар жасауда да қолданылады. Төмендегі видеода ЖИ-дің мүмкіндігі көрсетілген:
АҚШ-тың сауда министрі Джина Раймондо екі елдің арасында жасалған келісім үкіметтерге жасанды интеллект жүйелерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік беріп, жақсырақ ұсыныстарға жол ашатынын мәлімдеді.
«Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге немесе жалпы қоғамымызға қауіп төндіретін екі мекеменің де жұмысын жеделдетеді. Біздің серіктестігіміз бұл проблемалардан қашпайтынымызды, олармен күресіп жатқанымызды көрсетеді», – дейді америкалық министр.