Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынымен күресуге барған құтқарушы 2 сәуірге қараған түні инфаркттен қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Балдановтар отбасының басына ауыр қайғы түскен. Бекжан Балданов Солтүстік Қазақстан облысына іссапар кезінде қайтыс болды. Ол Тайынша ауданына 1 сәуірде Түркістан облысынан су тасқынына қарсы күрес бөлімшесінің құрамында барған.
Марқұмның жұбайының айтуынша, шұғыл дабыл түскен, заттарын да асығыс жинап кеткен, тіпті таңғы ас ішуге де үлгермеген.
"Заттарын алып, үйден жүгіріп шықты. Оған "отырып, бір-екі кесе шай ішіп кетші" дедім. Ол "жоқ, ГАЗель келіп қалды" деп жауап берді. Әрқашан өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады. Суға да, отқа да түсті, бірақ мұндай жағдай болатынын білмедік. Өйткені денсаулығына байланысты проблема болған жоқ, ешқашан жүрегім ауырады деп шағымданбаған болатын. Зейнетке шыққанға дейінгі күндерін санап жүрді. Кетіп бара жатқанда, "Бекжан, неге бара жатсың?" дедім. Ол "жұмыс осындай" деп жауап берді. Оған қоса, "балалар саған аманат" деді", – деп еске алды марқұмның жұбайы.
Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД мәліметіне сүйенсек, 2 сәуірге қараған түні Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде құтқарушы қайтыс болған. Ол – Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран ауданының №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау прапорщигі болған.
Бекжан Балданов жұбайымен екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Ең үлкені 17 жаста, кішісі небәрі төрт жаста. Үш ұлы да болашақта әке жолын қуып, осы мамандықты таңдағысы келеді.