Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданында тоғыз жастағы қыздың дәрі қабылдағаннан кейін жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілгені туралы суыт ақпарат тарады.
Атбасарда 9 жастағы қыз дәрі ішіп уланды
фото: www.istockphoto.com
167
оқылды

Алғашында баланың белгісіз жасөспірімдер күш көрсетіп, бірнеше дәрі түйіршігін зорлап ішкізгені хабарланған еді. Алайда полиция тексеруінен кейін бұл мәлімет расталмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға қыз бала әжесінің үйінде қонақта болған кезде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әжесі үйде жоқ сәтте белгісіз жасөспірімдер үйге кіріп, қызды бір уыс дәрі таблеткасын күштеп ішуге мәжбүрлегені айтылады. Кейін баланың өзі де болған жағдайды осылай баяндағаны хабарланды. Оқиға туралы алғашқы мәліметтер жұртшылықты алаңдатты. Алайда құқық қорғау органдарының тексеруі бұл нұсқаны растамады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тексеру барысында баланың жағдайының нашарлауына бас ауруы себеп болғаны анықталған. Қыз құрбысының кеңесі бойынша дәрілік препараттарды өз бетінше қабылдаған. Белгісіз жасөспірімдер оны дәрі ішуге мәжбүрледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмеген. Кейін қыз болған оқиғаның мән-жайы туралы шындыққа жанаспайтын мәлімет бергенін мойындаған. Осылайша, бастапқыда тараған күш қолдану туралы нұсқа расталған жоқ.

Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасының мәліметінше, кәмелетке толмаған қыз жедел жәрдем бригадасымен медициналық мекеменің қабылдау бөліміне жеткізілген. 

– Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Емделушінің айтуынша, дәрі таблеткаларын ол өз еркімен қабылдаған. Тексеріс барысында оны ауруханаға жатқызатындай белгілер анықталмады. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Пациенттің жеке деректерін қорғау мақсатында ол туралы қосымша мәліметтер жарияланбайды. Ал оқиғаның мән-жайын анықтау құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады, – дейді Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасынан.

Құқық қорғау органдары азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

– Тексеріс барысында баланың жағдайының нашарлауына бас ауруы себеп болғаны анықталды. Құрбысының ұсынысымен қыз бала өз бетінше дәрі таблеткаларын қабылдаған. Беймәлім жасөспірімдер күштеп дәрі ішкізгені туралы мәлімет расталмады. Кейін қыздың өзі оқиға туралы жалған ақпар айтқанын мойындады. Тексеріс қорытындысы бойынша оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Азаматтарды жалған ақпараттарды таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Бұл оқиға балалардың денсаулығына қатысты ақпараттың қаншалықты мұқият тексерілуі қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті. Алғашқы мәліметтер қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, ресми тексеру нәтижесінде оқиғаның мүлде басқа жағдайда болғаны анықталды. Ең бастысы, дәрі қабылдағаннан кейін баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғаны анықталған жоқ. Дегенмен  балаларға дәрілік препараттарды өз бетінше қабылдаудың қауіпті екенін түсіндіру және дәрі қолдану мәселесінде ересектердің бақылауын қамтамасыз етудің маңыздылығын ескергеніміз жөн. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы