Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 500 үй тасқын судың астында қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жем өзенінің суы көтеріліп, Құрсай каналы арнасынан асқан.
«Құлсары қаласында 500 үйді тасқын су басты. Қаладан 2 400 тұрғын қауіпсіз аумаққа көшірілді. Тұрғындар арнайы бөлінген қабылдау пункттеріне орналастырылды. Эвакуацияланатын тұрғындар үшін «Теңіз» кен орнында вахталық кенттен жатақханалар дайындалып жатыр», – деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Қазір бөгет салу, нығайту жұмысы жүріп жатыр. Оған жергілікті атқарушы органнан, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер департаменттерінен, №41433 әскери бөлімінен 323 қызметкер, 142 техника тартылған.
«Жылыой ауданында тасқын судан қорғау үшін құм толтырылған 45 452 қап, 174 мың тонна инертті материал төселді. Бұл жұмысқа 4540 ерікті жұмылды», – деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.