Төрт құбыласы түгел қаламгер

Жан-жақты қалам иесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Өріс Яшүкірқызы туралы мақала жазарда есіме балалардың «Темір адам» атты ойыншығы түсті.

Кіп-кішкентай ойыншық басқару нүктесін қоссаңыз болды лезде-ақ бірде автомобиль, бірде темір адам, бірде ұшақ, тағы бірде танк болып шыға келеді. Ойыншықтың бір түрден екінші түрге ауысқанда бейне-тұлғаны өте дәл сомдайтыны соншалық, құрастырушының шеберлігіне тәнті боласыз. Мұны неге айтып отырмын? Өрістің өткір қаламынан туған туындылары әр жанрға ауысқан сайын шығармалары ширығып, шымырлана түседі. Қаламгердің бірнеше жанрға бірдей қаламы төселгенін танып, таңырқайсыз, тамсанасыз.

Қаламгердің «Балалар әдебиеті» баспасынан төрт томдығы жарық көрді. Бірінші жинақ «Жан сарайым – өлеңім» аталады. Осы ретте ғұлама ғалым, академик, жазушы Зейнолла Қабдоловтың: «Поэзия – өмірдің әрі мен нәрі, қайнап қорытылған жамбысы. Поэзия бақшада құлпырған роза гүлін сипаттамайды, оның дөрекі заттық жақтарын лақ­­тырып тастап, хош иісін, әсем құбылғыш бояуын алады да, осылардың жаратылыстарынан да әсем өз розасын жасайды. Поэзия сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы» дегені еске түседі. Поэзия туралы осы түсінік, пайым қанша уақыт өтсе де өзгермейді. Өйткені поэзия – нәзіктік пен өткірліктің, сұлулық пен сымбаттылықтың, қуаныш пен шаттық­тың сәулеленген, түрленген көрінісі. Парасатты поэзия адамдардың жүрегіне сәуле түсіріп, ғажайыптар әлеміне бастайды. Өрелі өлең қандай да бір күйде жүрген адамды өрге сүйреп, жігерлендірері сөзсіз.

Осы тұрғыда Өрістің өршіл өлеңдері оқыр­мандарын бейжай қалдырмайды. «Қара­ша қаздың қаңқылы», «Қара ләйлек», «Тіл мен рух», «Бұрымды қыз», «Қыз-көк­тем», «Әке қамшысы» сияқты жырлары шы­найы­лығымен, нәзік талғампаздығымен, сыршылдығымен ерекше. Өріс – өлең өлке­сіне үлкен дайындықпен келген ақын. Ол нені жазса да жүрегімен жазады. Жалған сезімнің жетегінде кетпейді, ақыл айтып көлгірсінуден ада. Оның сағынышы да шынайы. Ақынның мұңы парасатқа суарылған. Өлеңдері жадағайлықтан жырақ. 

Өрістің «Әке қамшысы» атты өлеңі бүгінгі қоғамның бейнесін дәлме-дәл бедерлейді. Иә, нарық билеген қазіргі қоғамда әкелердің төрдегі орны сырғи-сырғи босағаға жетті. Бұрын әрбір үйдің керегесінде қамшы ілініп тұратын. Әкелер онымен баласын ұрып та жатпайды. Ол тек қана сұс. Сол дырау қам­шының жон арқаны тіліп өтерін білетін тентектеу көктегірлер әкесіне бір қарап, қамшыға бір қарап жым болушы еді. 

Әкем барда ағаларым мықты еді,

Бір-біріне сақталмайтын дық, кегі.

Жиналғанда сары шалдың алдында,

Мөлтілдейтін маңдайлардан шық тері.

Сары шалдың алдын көрген талай бала әке ызғарынан қаймығып тұрушы еді. Қайыс қамшы баланы сабау үшін емес, ойға қамау үшін төрде ілулі тұратын. Оны көрген бала әкесінің берген тапсырмаларын лезде еске алып, жұмысын тындырымды атқаруға тырысатын. Өрістің өлеңінде бұл нанымды суреттелген. Оның өлеңдерінен азаматтық рух пен адамдық құндылықтар туралы па­йым­дарды көптеп кездестіресіз. Сонымен бір­ге іңкәр махаббат сезімдері ақын жыр­ларының арқауына айналған. Солардың ішінде «Псасук­тің махаббаты» атты дастаны пәк көңіл­дердің пәкизат пейілдерімен қабысып, шынайы өмірмен үндесіп тұр.

Өріс Яшүкірқызының екінші жинағы «Ескі қоныстағы ел» аталады. Оған автордың әр жылдары жазған әңгімелері топтасты­рыл­ған. Жазушы әр тақырыпты майда тілмен майдан қыл суырғандай етіп, әдемі суреттеуге тырысады. Оның әңгімелері қысқа, бос сөздермен оқушысын ығыр етпейді. Айтарын нақты, қысқа етіп жеткізуге тырысады. Жалпы, әдебиетте нақтылық, қысқалық, тұжы­рым­ды ой жетісе бермейді. Бұл тұрғыда Өріс әңгімелерін қысқа қайырып жазуға машық­танғаны көрініп тұр. Оның «Қараңғы үйдің жарығы», «Мылқаудың махаббаты», «Жылан аулаған қыз» атты әңгілелері шымыр да ши­рақ екпінмен жазылған. Айталық, «Жылан аулаған қыз» әңгімесінде Ақәділдің жұбайы қатарынан төрт қыз табады. Ақәділ бір атұс­тар перзентке зәру. Құдайдан жатса да, тұрса да сұрайтыны босағаға ие болып қалатын бір бала тілейді. Сөйтіп жүргенде, немере ағасы Сүлеймен бүркіттің балапанын әкеліп береді. Темірқанат бүркіт қолдан жем жеп әбден дәнігеді. Сүлеймен інісіне «оқта-текте бүр­кітке жылан да беріп тұру керек» деп кеңес айтады. Құм ішінде ирелеңдеп әр бұтаның түбінен табыла беретін сол жыланды он үш-он төрт жасар қызы Сара да белінен бір ұрып, шоқитып бүркітке әкеле беретін болған. Ақәділ үйде жас ет болмай қалса, Сараны жылан аулауға жұмсай салады. Жылан шағып алады-ау деген ой қаперіне кірмейді. Бірақ ордалы жыланның кексіз болмайтыны белгілі. Ақыры, бір ауыл атажұртын тастап, басқа жаққа көшіп кетеді. Бой шымырлатар осы оқиғаны тебіренбей оқу мүмкін емес. Иә, қандай бір жануардың не мақұлықтың болмасын киесі болады. Кие атқан адам оңалмайды. Ақәділді жылан шағып, қайтыс болады. Сара томашаға құлап, аяғы жараланады. Сол аяғы іріңдеп, ауыр жағдайға түседі.

«Мылқаудың махаббаты» атты әңгімесі де жып-жинақы. Сезімге суарылған бұл әңгімеде Рысқұл мен Алтынның кіршіксіз ма­­хаб­баты суреттеледі. Тілі жоқ болғандық­тан, Рысқұл мектепте оқи алмайды. Ауылдағы түр­лі жұмыстарды атқарып жүре береді. 

Ол – үнемі күліп жүретін жайдарлы жігіт. Сондықтан да айналасындағыларға сыйлы, құрметті. 

Мектептің жанында азық-түлік дүкені бар. Осы дүкенде Алтынның шешесі сатушы болып жұмыс істейді. Рысқұл осы дүкенге жиі келгіштейді. Өйткені ол Алтынды көргісі келеді. Қыз да кетәрі емес. Бір күні Алтын балалық сезіммен жігітке «Мен сені жақсы көремін. Сен маған үйленесің бе?» деп хат жазады. Досы Мұса арқылы сауат ашып алған Рысқұл қыздың хаты қолына тиісімен дү­кенге екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп жетпей ме? Қызық осы арада басталады. Тілі жоқ жігіт өз сезімін қызды құшақтай алып, сүйе беру арқылы жеткізеді. Одан әрі үйіне алып кетеді. Осы сұмдықты естіген қыздың әкесі Кемел атын борбайлап шауып келеді. Ол қызды үйден шығаруды талап етеді. Сыртқа шыққан Алтын жиналып қалған көптің арасында басын жерден көтере алмай тұрады. Осы кезде Рысқұлдың анасы Шолпан барлық мән-жайды көпшілік алдында жайып салады. Алтын: «Көке, кешір мені... Көке! Ойнап әншейін, не жауап жазар екен деп хат жаз­ғаным рас еді. Мен мылқау әріп танымайды, жазуды білмейді деп ойлағанмын» деп кі­нәсін мойындайды. Мұндай жағдайда басқа әке болса не істер еді? Мылқау жігітті соқ­қыға жығып, қызын қолынан сүйрелеп үйіне алып кетер еді. Бірақ Кемел бұлай жасамайды. «Маңдайыңа мылқаумен бірге ғұмыр кешуді жазған екен ғой», – деп қызын сол үйдің босағасына тастап кетеді.

Рысқұл мен Алтын тату-тәтті ғұмыр кешеді. Балалы-шағалы болады. Екеуі бір-біріне деген сезімдерін, сүйіспеншіліктерін хат арқылы білдіреді екен. Сол сырға толы хаттар сандық түбінде ұзақ жыл сақталады. Осы бір оқиғаны оқып отырып, толқисыз. Мылқау­дың махаббатына сенесіз. Қыз әкесінің кемелдігіне көзіңіз жетеді.

Сатира – ауыр артеллерия. Оны алып жүру өте қиын. Соған қарамастан, сатира соқ­пағымен келе жатқан Ардақ Қонақбаева, Өріс Яшүкірқызы, Үміт Зұлқарова, Күләш Маманова сынды найзагер қыздардың өткір қаламдары көпшілікті сүйсінтіп жүр. Өрістің үшінші томдығы «Ұшық пен пұшық» деп аталған екен. Жинаққа сықақ, әзіл әңгімелер, мысалдар топтастырылған. Барлық шығар­ма­ларда қоғамдағы қоқыстар, адам бойын­дағы түрлі кемшіліктер, ұлы Абай атамыз кешегі айтып кеткен өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ міндерімізді бойымыздан әлі де сыпырып шығара алмай келе жатқан әлсіздіктеріміз сөз болады. Бір әңгімені алып көрелік. Ол «Күйеубала іздеп жүрмін» деп аталады. О заман да, бұ заман қазақ қызына күйеубала іздемейді. Бірақ біздің түрлі желеулермен оң босағада отырып қалған қыздарымыз күйеубала іздеуге мәж­бүр етеді. Алайда жасы келіп қалған кәрі­қыз­ды бүгінде кім жар етіп алады? Өріс қазақ қоға­мындағы осы олқылықты ашып көрсет­кісі келеді. «Жұбату» атты әзіл әңгімесінде жоқ жерден жаңбыр жаудырып, ауру адам­ның кейпіне түскен әйелдің күйеуінің ал­дын­дағы назы да қызықты оқылады. «Ардабайдың ауылы» атты шығармасы да ойландыратын туынды болып шыққан. 

Өрістің мысалдары да мақтадай мамық болғанымен, тиген жерін күйдіріп кетеді. Пияз бен сарымсақ бір-біріне сасықсың деп кінә тағып отыр. Сіз қайсысын ақтар едіңіз? Екеуі де ащы. Бірақ өмірде екеуінің де өзіндік орындары бар. Сол орындарын біліп, әркім өз жолымен жүргені жарасымды емес пе? Ал «Той» атты сықақ өлеңінде қазіргі жиын-тамашаларда асабалардың келушілерді күл­діре­мін деп түрлі ерсі қылықтар жасайтыны сәт­ті суреттелген. Жалпы, Өріс оқырман­дарына сатиралық шығармалары арқылы да жақсы таныс. Оның «Шенеунікше тактика» атты әзіл-сықақ, сатиралық кітабы кезінде оқырмандарынан лайықты бағасын алды.

Өріс Яшүкірқызының төртінші томы «Құлдықтағы қылмыс» аталады. Мұнда қаламгердің детектив жанрына жазған әңгімелері, хикаяттары топтастырылған. Кітапта оқырманның көз алдынан өтіп жататын оқиғалар мен эпизодтар оқыр­мандарға етене таныс. Олай болатыны, қазақстандықтар бір жүйеден екінші жүйеге өтіп, қоғамдық құрылыстың даму сатыларына қарай адамдардың мінез-құлықтары да сан құбылып тұрған кезеңдегі пенделердің бойына біткен пайдакүнемдік, парақорлық, жалақорлық, жағымпаздық, өсек­құмарлық, сатқындық, опасыздық сияқты сырқаттар асқынып кетті. Жазушы осы сырқаттарды сылып тас­тауға ұмтылады, адам бойындағы кемшіліктерді, кешірілмес қылмыс­тар­ды ашық жазады. Рас, оқиғалар желісі көптеген шығармашылық сю­жет­терде кездесетін схематизм шеңберінен де табылып жатады. Дегенмен автордың өзінше ізденіс­тері бірқатар детективінде аңғары­лады. Әлем жұртшылығына кеңінен таныс Агата Крис­тидің шығармаларынан бастап, көптеген бестселлерлік туын­дылардың сюжеті кісі қанын жүктегендердің кім екендіктерін табу жолындағы құқық қорғау органдары қыз­меткерлерінің із­деністерін, қиын­дықтардан қалай жол тап­қандарын суреттеуден тұра­тыны белгілі. Ал Өріс Яшүкірқызы қылмыс­кердің мұндай сорақы әрекеттерге не үшін барғанын ашық жазуымен ерекшеленеді. Олардың жазасын бір Құдайға тапсырып, оқиғаны ойлан­дырарлық шешіммен аяқ­тайды. Шығарманы оқып отырған оқыр­ман қылмыскер табылады ма, тиісті жазасын алды ма деген сауал­дарға жауап іздейтіні белгілі. Өріс мұны да ұмытпайды.

«Құлдықтағы қылмыс» кітабында 18 детективі жарияланған. Солардың ішінде «Жан құпиясы», «Зәлімдік зәбірі», «Қызғаныш», «Сатылған қыз» атты әңгімелері оқиғалар желісінің күрделілігімен оқушыларды баурап алады. «Сатылған қыз» атты детективінде жоғары оқу орнының студенті Гүлшара алаяқтың қолына түсіп, соңында шетелге құлдыққа сатылып кетеді. Шетелде көрмеген құқайы қалмаған Гүлшара елге тіс қаққан әккі болып оралады. Ол өзін шетелге құл­дыққа сатып жіберген Мәлікті тауып, қапыда өлтіреді. Сөз жоқ, қылмыс жасаған адам жа­за­сын тартуы тиіс. Ал Гүлшара жазықты­ны өзі жазалап отыр. Қанша жерден оны ақтап алғымыз келгенмен, ол қылмыс жасады, қо­лын қанға бояды. Сондықтан қандай әрекет­ке барсаң да әуелі ой сүзгісінен өткізіп барып іске кірісуің керек. Өрістің бұл әңгі­месінен осындай ой түюге болады.

Бізде барлық жағдайы жасалған, бақытты да базарлы ғұмыр кешіп отырған адамдарды былайғы жұрт «ол төрт құбыласы түгел жан ғой» деп дәріптеп жатады. Поэзия, проза, сатира, детективті әдебиетіміздің төрт құ­быласы десек, онда Өріс Яшүкірқызы – төрт құбыласы түгел қаламгер. Барлық жанрда қаламы төселіп, оқырмандарынан лайықты бағасын алған қаламгерге осы теңеуді бас­қалар да көп көрмейтін шығар...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Халықаралық «Алаш» әдеби 

сыйлығының лауреаты