Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев еліміздегі су тасқыны жағдайына қатысты пікір білдіріп, көпшілікті бірлікке шақырды.
Ол табиғи апат кезінде ең бастысы халықтың амандығы екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, өңірлерде су сейілер емес.
«Елдегі ахуал елді елең еткізіп, түн ұйқысын төрт бөлді. Апат айтып келмейді. Су алапат күш. Табиғат ананың дегені болып жатыр. Ең бастысы халықтың амандығы. Бас аман болса, қалғанын ел болып еңсеріп, қайта қалпына келтірерміз. Президентіміз де ешкім көмексіз қалмайды, материалдық, инфрақұрылымдық тұрғыдан көмек алатынын жеткізді. Дүние қалпына келеді. Бастысы адам шығыны болмасын деп тілейік. Су сейілер емес. Елдің әр жерінде қолдан келгенше алдын алу шаралары жасалып жатыр. Әріптестерім өңірлерге бөлініп, халықпен тікелей байланыста жүр. Мен барған аймақтар да менің назарымда», - деді депутат.
Дәулет Мұқаев Астана маңындағы Тайтөбе ауылындағы жағдайды баяндады.
«Дәл қазір мен жүрген жерде (Астана маңындағы Тайтөбе ауылы) 35 техника жұмылып, 1200 метр тосқауыл қойылды. 6000 құм толтырылған қап дайындалған. Бұндай шаралар қабылданбағанда бұл ауылды да су басар еді. Құрметті оқырман, күшіміз бірлікте. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», - деді Дәулет Мұқаев.