Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин елдегі су тасқынына қатысты соңғы ахуалды баяндады.
Қазақстан бойынша қанша үйді су басты, неше адам көшірілді?
573
оқылды

Жауапты маманның Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтқанындай, қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, БҚО және СҚО-да 3 686 жеке тұрғын үй, 550 аула аумағы және 1 822 саяжай үйлері су астында қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Су тасқыны басталғалы бері 72 029 адам, оның ішінде 16 078 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналасу пункттерінде 14 368 адам, оның ішінде 7 255 бала орналастырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұлан әуекемелері құтқару жұмыстарын жалғастыруда", – деді Қаһарман Оразалин.

Оның айтуынша, 7,5 млн текше метрден астам қар суы сорылып шығарылып, 952 мыңнан астам қапшық және 976 мың тоннадан астам инертті материал төселді. 

«Бүгінде авариялық құтқару жұмыстарына 12 445 адам, 1 300-ге жуық техника және әуекемелері жұмылдырылды. Атырау, Ақтөбе, Қостанай, БҚО, СҚО және Павлодар облысы республикалық штабтың бақылауында», – дейді ол.