Қиын жағдайға байланысты бұл мәселе ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында.
Су тасқыны болған өңірлердің тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр
285
оқылды

Бұл өңірлердегі барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру үшін күшейтілген режимде жұмыс істейді. 3 мыңға жуық медицина қызметкері және осы аудандардағы барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж кез келген адамға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ОКҚ брифингінде айтты.

Оның хабарлауынша, төтенше жағдай кезінде медициналық мекемелер тәулік бойы жұмыс істейді, көмекке мұқтаж барлық азамат қабылданады. Әрбір науқас дәрігерлерден қажетті медициналық көмек алуда.

«Су тасқыны кезеңінде психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылды. Осы мақсатта жедел штаб құрылды. Мамандардың көмегіне мұқтаж барлық адамдармен жұмыс істейтін 30 психолог жұмыс істеп жатыр. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылады.  Мәселен, өткен тәулікте Атырау облысында Құлсары қаласынан перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 8 перзентхана мен 5 жүкті әйел толық мерзімде медициналық ұйымдарға эвакуацияланды. 39-40 апта мерзіміндегі жүкті әйелдердің бірі жедел медициналық жәрдем көлігінде тасымалдау кезінде босанған. Салмағы 3 610 г, бойы 55 см қыз дүниеге келді. Қазіргі уақытта босанған әйел мен бала Бейнеу аудандық ауруханасында, олардың жағдайы қанағаттанарлық», – деді спикер.

Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар. Дәрігерлер үнемі тексеріп, әр баланың денсаулығын бақылайды.

«Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мәселелері де тұрақты бақылауда. Сумен жабдықтау нысандарына, мал қорымдарына, кәріздерге және зираттарға мониторинг күшейтілді. Санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын зерттеу жүргізіледі. 4 мыңнан астам су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Жалпы, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш өткен екі жылдың қорытындысы бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды. Өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында», – деді ведомство өкілі.

Эвакуациялық пункттерде ауызсу режимін және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруды бақылау жүзеге асырылады. Санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады. Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ барша медицина қызметкері алдағы уақытта да халқымыздың денсаулығы үшін жұмыс істеп, қиын-қыстау кезеңде мұқтаж жандарға көмек пен қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.