Қоғам белсенділері, волонтерлер және қарапайым азаматтар зардап шеккен жандарды қауіпсіз аймаққа көшіруге, гуманитарлық көмекті жинауға және жеткізуге, тұрғындарға ақпарат таратуға қатысты бірлескен жұмыста маңызды рөл атқарып отыр.
«Жастар рухы» Жастар қанаты еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіруді өз мойнына алды
379
оқылды

Бүгінде су тасқынына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған. Олардың басым көпшілігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола және өзге де облыстардағы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне барынша жәрдемдесіп жатыр. Бұл жайында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

"Қазақстан халқының Ассамблеясы тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіліп отыр. Жалпы, республика бойынша қиын-қыстау жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге және қарғын су салдарын жоюға Ассамблеяның 9 мыңнан астам волонтері атсалысып жүр. Барлық аймақтардағы Достық үйінде еріктілер орталығы және гуманитарлық көмекті қабылдау орындары ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен адамдарды азық-түлікпен, ыстық тамақпен, киім-кешекпен, қажетті заттармен және техникамен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда Ассамблея тарапынан берілген қайырымдылық және гуманитарлық көмектің көлемі 110 миллион теңгеден асты", – делінген Қариннің парақшасында.

Оның пайымынша, еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұны «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты өз мойнына алды. Ауқымды филиалдар желісі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар «Жастар рухы» ерікті құтқарушыларды жинау, гуманитарлық көмекті сұрыптау және жеткізу жұмысын тиімді атқарып отыр.

"Бүгін бірқатар ірі волонтерлік бірлестіктің өкілдерімен кездестік. Күнделікті ұйымдастыру мәселелерін талқылап, бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою үшін бірлесе жұмыс жүргізе беруге уағдаластық", – дейді Мемлекеттік кеңесші.