Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына барып, су тасқыны жағдайын тексерді. Депутат бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, аталған өңірде еріген қар суы үйлерге жақындаған.
«Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына келдім. Ауданның елді мекендерін Тайынша ауданының әкімі Б.Әлжановпен бірге араладым. Маршрут Краматоровка ауылынан басталды, онда түнде даладан еріген су үйге жақындаған. Ауыл тұрғындарымен кездестік. Одан әрі СҚО ТЖД мамандандырылған техникасында Көкшетау-Петропавл республикалық маңызы бар трассасының автомобиль қатынасынан үзіліп қалған Мақашевка ауылына бардық. Өйткені 5 сәуірде аудан басшылығы Мақашевка ауылының су басуын болдырмау үшін еріген судың көп мөлшерін бұру үшін трассаны қазу туралы шешім қабылдаған. Бұдан әрі Келлеровка ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралардын жүзеге асырылуымен таныстық», – деді депутат.
Еркебұлан Мәмбетов әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан су тасқыны жағдайына байланысты түрлі өтініш түсіп жатқанын жеткізді.
«Әлеуметтік желілердегі өтініштер бойынша Тайынша ауданы Алабота ауылына барып, ауыл өкілдерімен кездесу өткіздік (ШҚ, ФҚ басшысы Н.Алдабергонов, В.Гинтер). Сол жерде көктемгі су тасқынының салдарын көрдік. Сапар соңында тасқын сулардың салдарын жою мәселелерін бақылауға алдым», – деп жазды Еркебұлан Мәмбетов.