«Шеврон» корпорациясы «Шеврон Мұнайгаз Инк.» филиалы арқылы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 3 миллион АҚШ долларын бөлетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұзақ мерзімді серіктес ретінде «Шеврон» Қазақстанға су тасқынының ауыр зардаптарын еңсеруге жан-жақты көмек беруге дайын. Біз халықтың шұғыл қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін осы ресурстардың қажет екенін түсінеміз. «Шеврон» компаниясы Қазақстан халқына айнымас қолдауын білдіреді», – деді «Шеврон» Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс.
30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанда қызметін бастаған сәттен бастап «Шеврон» елдегі әлеуметтік жобаларға 460 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Компания 2020 жылы Қазақстанға 20 миллион АҚШ долларынан астам сомаға медициналық жабдықтар мен дәрілік заттар сатып алып, коронавирус пандемиясына қарсы күресте қолдау көрсеткен алғашқы шетелдік компаниялардың бірі болды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халыққа үндеу жолдады.
«Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат, - деді Президент.
Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында су тасып жатыр.
Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.