Nantucket – Массачусетс штатындағы арал және бай адамдар үшін танымал демалыс орны. Нью-Йорктен алыс емес, 1000 шақырым жерде орналасқан. Бұл аралда жыл сайын бірнеше үй тегін беріледі.
Аралда 3,6 миллион доллар тұратын үйлер тегін беріледі
Бұл аралда жыл сайын бірнеше үй тегін беріледі. Фото missingusa.wordpress.com сайтынан алынды
1,865
оқылды

Ұзақ жылдар бойы америкалық байлар мен атақты адамдардың жазғы демалыс үйлері орналасқан жарты ай тәрізді Nantucket аралында үйлерді тегін алуға болатынын businessinsider.com сайты материал жариялады. Aikyn.kz осы мақалаға сүйене отырып, ол үйлердің тегін берілу себептерін түсіндіреді.

Миллиондарға бағаланған қымбат үйлері бар Nantucket-те кейбір үйлер тегін беріледі. Фото anne-d-autriche.livejournal.com сайтынан алынды

Массачусетс штатындағы Кейп-Код мүйісінен 48 шақырым қашықтықта орналасқан жарты ай тәрізді Nantucket аралында байлар мен атақты адамдардың жазғы демалыс үйлері салынған. Realtor.com мәліметтері бойынша Nantucket-тегі орташа үйлердің сатылым бағасы 3,6 миллион долларды құрайды. Бұдан да әлдеқайда қымбат үйлер бар.

Жергілікті Nantucket Current газетінің хабарлауынша, Blackstone компаниясының бас директоры Стивен Шварцман 2021 жылы 32,5 миллион доллар тұратын жағалаудағы жылжымайтын мүлікті сатып алған. Barstool Sports негізін қалаушы Дэйв Портной болса 2023 жылы аралдағы алты бөлмелі үй үшін 42 миллион доллар төлеп, Массачусетс рекордын орнатқан Бұл туралы Wall Street Journal сияқты көптеген басылымдар жазған.

Осындай миллиондарға бағаланған қымбат үйлері бар Nantucket-те кейбір үйлер тегін беріледі. Оның себебі неде?

Америкалық байлар Nantucket аралында жазғы үйлерін салады. Фото ackdoc.com сайтынан алынды. Авторы: Greg Hinson 

Бұның себебі мынада. Көптеген ауқатты адамдар өздерінің жазғы үйлерін салу ниетімен Nantucket-те жылжымайтын мүлік сатып алады. Өйткені армандаған үйін салуға оған жер керек. Жаңа құрылыс жүргізу үшін сатып алған жердегі ескі үйді бұзу керек. «Кейде біреу жылжымайтын мүлік сатып алғанда, сол мүлік тұрған жер ондағы үйден әлдеқайда қымбат болады», – дейді коммерциялық емес Housing Nantucket компаниясының атқарушы директоры Энн Кушпа.

Сондықтан жаңа үй салғысы келетін ауқатты адам ескі үйді басқаларға тегін береді.

Бірақ ескі үйді сатып алушы ол үйді басқа орынға көшіруі керек. Мысалды, кейбір бос тұрған үйлер жалға беру мақсатында көшірілсе, басқалары жергілікті жұмысшыларға арналған баспанаға айналдырылады.

Перевозка дома на грузовикеСатып алушы үйді аралдың басқа ауданына көшіру үшін арнайы көлік жалдайды. Фото thenewsherald.com сайтынан алынды

Нантукеттің «бұзуды кейінге қалдыру» ережесіне сәйкес, қайта пайдалануға болатын кез келген үй туралы ақпарат қалалық газетте 30 күн ішінде жариялануы тиіс. Оны «тегін» ұсыну міндетті емес, бірақ ескі үйді тегін беру әдеттегі тәжірибеге айналған. Бұл сатушыға да, сатып алушыға да тиімді. Сатушы ешқандай шығынсыз өзінің жерін ескі үйден босатады, ал сатып алушы ескі болса да тегін үйге ие болады. Бірақ көшіру шығындарын сатып алушы төлейді.

Сатып алушы үйді аралдың басқа ауданына көшіру үшін арнайы көлік жалдайды. Мысалы, 800 шаршы метр үйді көшіру кем дегенде 100 000 доллар тұрады. Үй неғұрлым үлкен болса, оны жылжыту құны да соғұрлым жоғары болады.

Дегенмен мүлдем жаңа үй салудан гөрі «тегін» үйді көшіру әлдеқайда арзанға түседі екен. Nantucket-те үй салуда 1 шаршы метрі шамамен 2400 доллар тұрады, ал 800 шаршы метр үйді нөлден бастап салуға 2 миллион долларға жуық қаржы керек болар еді.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі адвокат Стивен Коэн өзінің қоғамдық гольф алаңы мен тұщы су тоғанымен танымал Миакоме аймағындағы құны шамамен 800 000 доллар тұратын «ақысыз» үйді ұсынады. Ол қазірдің өзінде бұл ұсынысқа қызығушылық танытқан 25 электрондық хат алғанын айтады.

Nantucket-ке тұтастай үйлерді көшіру әдетті жағдай болып саналады. Фото missingusa.wordpress.com сайтынан алынды

Nantucket-те үйді ауыстыру жиі кездесетіндіктен, олар көлік қозғалысын қиындатады. Дегенмен Nantucket-ке тұтастай үйлерді көшіру әдетті жағдай болып саналады. Nantucket Current мәліметінше, он жыл бұрын аралдағы үйлер мен пәтерлерді жылжытуға небәрі 19 рұқсат берілсе, 2022 жылдың қазан айына дейін 91 рұқсат берілген. 

«Тегін» үйлердің өлшемдері шағын коттедждерден бастап мега-зәулім үйлерге дейін болуы мүмкін. Ал кейбір тұрғындар тіпті үйлерді кішігірім бөліктерге бөліп, содан кейін оларды гараждар немесе бассейні бар үйлер түрінде пайдаланады.

Үйді жылжытуға рұқсатты өрт сөндіру және полиция бөлімдері береді. Өйткені бар-жоғы 22 шақырымға созылған аралдың жолдарын жабуға арнайы рұқсат керек, себебі үйді сүйрейтін тіркеме өте баяу қозғалады.

Бұндай үйлер табысы төмен жұмысшылар мен отбасыларға беріледі. Фото Getty Images сайтынан алынған. Авторы: Maremagnum

Көшіру тек күзде, қыста және көктемде болады. Жазда аралға туристер ағынының көбеюіне байланысты үй көшіру тоқтатылады.

Тегін үйлерді алушылар үш негізгі санатқа бөлінеді. Бірінші топ – қосымша табыс алу үшін жалға беруге болатын шағын жылжымайтын мүлік іздейтін Nantucket тұрғындары. Екінші топ – аралда жері бар, бірақ жаңа үй салуға қаражаты жеткіліксіз жеке адамдар немесе жас отбасылардан тұрады. Үшінші топ – тегін үйлерді алып, оларды қолжетімді баспанаға айналдыратын коммерциялық емес ұйымдар.

Бұндай үйлерді олар табысы төмен жұмысшылар мен отбасыларға береді. Мысалы, жылдық табысы 100 000 доллардан аз төрт адамнан тұратын отбасы осындай тегін көшірілген үш бөлмелі үйді 2500 долларға жалға ала алады. Дәл сол мүліктің нарықтық жалдау ақысы 4700 долларды құрайды.

Мұғалімдер, тазалаушылар, банк қызметкерлері және басқа Nantucket жұмысшылары бағдарламаның пайдасын көруде, олар жаңа жерлерге көшірілген жалдамалы үйлерде тұрып жатыр. Жергілікті билік қазірдің өзінде 600-ден астам отбасы осындай үйлерге кезекте тұрғанын айтады.