Time журналы 1927 жылдан бері «Жыл адамы» атағын танымал, ықпалды тұлғаға береді. Бұл атақты бірінші болып ұшқыш Чарльз Линдберг иеленді. Негізінен, «Жыл адамы» 72 жыл бойы «Жылдың ер-азаматы» деп аталып келгені көбіне беймәлім. 1999 жылы ғана номинацияны «Жыл адамы» деп өзгертті. Осы аралықта небәрі 11 әйел «Жыл адамы» атанған. Олқылықтың орнын толтыру үшін журнал соңғы 100 жылдағы «Жыл әйелін» жариялады.
Биыл Америкада әйелдердің дауыс беру құқығына ие болғанына 100 жыл толды. Осыған орай Time журналы 1920 жылдан бастап әр жылдың беделді әйеліне арнап мұқаба әзірледі. Жоба авторлары «Жылдың 100 әйелі» сериясымен өз ісін ықыласпен атқарып, еліне еңбек сіңірген, халық сүйіспеншілігіне ие болған әйелдерді тізімдеді.
Атлант мұхиты арқылы ұшқан алғашқы әйел ұшқыш Амелия Эрхарт, әнші Бейонсе, Аргентинаның бірінші ханымы Ева Перон, Нобель сыйлығының лауреаты Малала Юсуфзай журнал мұқабасына көрік берді.
Сонымен қатар журнал бетінде көп көңілінен шыққан америкалық суффагеттер, мексикалық суретші Фрида Калло, Ұлыбритания патшайымы II Елизавета және ханшайым Диана бар. Үндістанның жалғыз әйел премьер-министрі Индира Ганди, француз вирусологы Франсуа Барре-Синусси мен Мьянманың демократиялық белсендісі Аун Сан Су Чжи де назардан тыс қалмады. 2012 жылға арналған мұқабаны Ресейден келген Pussy Riot тобының мүшелері безендірді. Ал эко-белсенді Грета Тунберг 2019 жылдың «Жыл адамы» атанған еді.
Айбике ЖАНАСЫЛ