Бұл кеш «Опералия» фестивалінің есте қаларлық оқиғаларының біріне айналып, қазақстандық виолончель мектебінің әлемдік классикалық өнер кеңістігінде лайықты орны бар екенін тағы бір рет көрсетті.
Viva Cello  кешінде үш бірдей туындының тұсауы кесілді
122
оқылды

«Опералия» халықаралық фестивалі аясында 8 шілдеде «Астана Операда»  Viva Cello  симфониялық музыка кеші көрермен назарына ұсынылды. Жас қазақстандық виолончельшілер Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенованың өнері көпшілікті тәнті етті. Олар өздерінің тәлімгері Эльдар Сапараевпен бірге отандық орындаушылық мектептің жоғары деңгейде екенін дәлелдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенова – еуропалық сахналарды бағындырып жүрген қазақстандық виолончельшілердің жаңа буыны.

Небәрі 19 жастағы Батырхан Иссақ жақында ғана Бухаресте өткен CellEast халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ол 35 жасқа дейінгі қатысушылар арасынан үздік танылып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұған дейін музыкант Италиядағы халықаралық байқауда екінші орын иеленген болатын.

Данагүл Әжікенова да халықаралық сахнада табысты өнер көрсетіп келеді. Ол Францияның оңтүстігіндегі гастрольдік сапарын сәтті аяқтап, әйгілі скрипкашы Дмитрий Ситковецкий жетекшілік ететін New European Strings камералық оркестрімен жеке концерт берді. Сонымен қатар америкалық iPalpiti оркестрімен бірге гастрольге барып, Прага мен Любляна қалаларында өнер көрсетті.

Концерт бағдарламасына Қазақстанда алғаш рет орындалған үш шығарма енді. Батырхан Иссақ Камиль Сен-Санстың ре минордағы №2 виолончель концертін орындады. Сирек шырқалатын бұл күрделі шығарма музыканттың техникалық шеберлігі мен орындаушылық деңгейін айқын көрсетті.

Ал Данагүл Әжікенова көрерменге Артюр Онеггердің виолончельге арналған концертін ұсынды. Француз импрессионизмінің нәзік бояуы мен жапон мәдениетінің әсері тоғысқан бұл шығарма қазақстандық тыңдарман үшін ерекше жаңалық болды.

Кештің шарықтау шегі – Джованни Соллиманың оркестр мен үш виолончельге арналған Caravaggio шығармасының Қазақстандағы тұсаукесері. Туындыны Эльдар Сапараев шәкірттері Батырхан Иссақ және Данагүл Әжікеновамен бірге орындады.

Жас музыканттардың әрбір жетістігінің артында үздіксіз еңбек пен табандылық жатыр. Мұндай күрделі шығармаларды орындау жоғары кәсіби дайындықты, терең музыкалық ойлауды және күнделікті тынымсыз еңбекті талап етеді. Люблянадағы Музыка академиясының профессоры Эльдар Сапараев қазақстандық виолончель мектебінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Оның шәкірттерінің халықаралық жетістігі  соның айқын дәлелі.

Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенова дирижер Элмар Бөрібаев басқарған «Астана Опера» симфониялық оркестрімен бірге жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл кеш «Опералия» фестивалінің есте қаларлық оқиғаларының біріне айналып, қазақстандық виолончель мектебінің әлемдік классикалық өнер кеңістігінде лайықты орны бар екенін тағы бір рет көрсетті.