Жас ғалымдар «Қазақстан жас ғалым-педагогтар қауымдастығының» және «Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар платформасының» мүшелігінде белсенді еңбек етіп келеді.
Жас ғалымдар ғылымға зор үлес қосып келеді
3,923
оқылды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақтың жоғары білімнің қарашаңырағы ғана емес, сондай-ақ, ғылыми зерттеулерді жүргізудің және ғылыми кадрларды даярлау мен ғылыми тәлімгерліктің де ордасы. 

96 жылдық тарихы бар оқу орнында ғалымдардың ұрпақтар сабақтастығы дәстүрге айналып, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу саласындағы игі істері университеттің ғана емес, еліміздің ғылым саласының дамуына зор үлес қосып келеді. 

Қазіргі таңда Ғылым комитетінің қаржыландыруымен университет базасында жүзеге асырылып жатқан 55 жобаның 28-іне жас ғалымдар жетекшілік етеді. Оның ішінде 1 жоба мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша, 5 жоба гранттық қаржыландыру, 4 жоба жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша және 22 жоба «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша орындалып жатыр. Д.Т. Әлиасқаров, Н.Д. Шәкірова, Д.Н. Билялов, Д.А. Сабирова, Н.Е. Үсенов, А.Н. Өмірбекова, М.И. Ревшанова, А. Сыздықбаева, Э. Жанысбекова, М. Әділов, Е.А. Оспанбеков, Б.Б. Атабекова, А.Р. Рысхан, А. Сәбитқызы, Б.С. Байжігіт, А.Р. Құттығалиева, Д.Б. Асымова, Г.Н. Рахимова, Ж.М. Өмірбекова, А.Н. Бейкитова, Ж.Ш. Саметова, Д. Орынбаева, Н.Н. Қонқабаева, Е. Тілеуберді, А.С. Сейілхан, Ы. Бақыткәрім, Д. Садырбекова, Ж. Жұмабаева сияқты жас ғалымдар ғылыми жоба бойынша зерттеулерді сәтті жүзеге асырып жатыр. 

2023 жыл бойынша университет ғалымдары Scopus деректер базасында 244 мақала және Web of Science базасында 123 мақала жарияласа, олардың жартысынан астамын дайындауға жас ғалымдар үлес қосқан. 

Соңғы жылдары университеттің жас ғалымдары бірнеше республикалық және халықаралық конкурстарда топ жарып, жеңімпаздар қатарынан көріне білді. Бұл қатарда «ЖОО үздік оқытушысы» жеңімпаздары (Д.Т. Әлиасқаров, Ш.У. Лайсханов, А.Р. Рысхан, К.С. Бекенаева, Д.А. Сабирова, Ж.Д. Байшемиров және т.б.),  «Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» иегерлері (Ж.Д. Байшемиров, А.С. Сейілхан, Э. Уайдуллақызы, Ш.У. Лайсханов және т.б.), «500 ғалым» бағдарламасы бойынша Болашақ халықаралық стипендиясы иегерлері (Т.Қ. Қилыбаев, А. Жүнісбекова, А.С. Сейілхан, Д.А. Сабирова, А.Н. Өмірбекова және т.б.),  Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» бәйгесінің Драматургия номинациясы бойынша Гран-при иегері (Ә. Байбол) бар. 

Университетіміздің жас ғалымдары отандық және шетелдік консультативтік-кеңесшілік және қоғамдық ғылыми ұйымдарда белсенді жұмыс істеп келеді. Осылайша, еліміздің ғылым саласында болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамай ғылым саласындағы заңнамалық құжаттардың, мемлекеттік бағдарламалардың, ережелердің және тағы басқа нормативтік-құқықтық құжаттардың мазмұнына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу, жас ғалымдардың құқығын қорғау, қоғамда ғылымды насихаттау және талантты жастарды ғылымға тарту сияқты жұмыстарда белсенділік танытып жатыр. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік 50 ПОҚ бас рейтингісіне жас ғалым, постдокторант Ербол Тілеуберді енді.  

Осы жылы университетіміздің Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы Шахислам Ұзақбайұлы ҚР Президенті жанындағы ҰҒА жас зерттеушілер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. А.С. Сейілхан ҚР Ұлттық ғылыми кеңестің, Ә.У. Байбол Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан авторлары қоғамының белді мүшесі. 

Сонымен қатар біздің жас ғалымдар «Қазақстан жас ғалым-педагогтар қауымдастығының» және «Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар платформасының» мүшелігінде белсенді еңбек етіп келеді. Бұл деректер біздің жас ғалымдардың отандық ғылыми қауымдастықтағы белсенділігін көрсетеді.

2022 жылы университетіміздің Ғылым департаменті жанынан «Жас зерттеушілер кеңесі» құрылып, қазіргі кезде аталған консультативтік ұйымның құрамына университеттің белсенді 26 жас ғалымы енген. Кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жас зерттеушілердің өзара тәжірибе алмасу алаңын құру және олардың ғылыми жұмыстарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ, университеттің, оның ішінде жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері мен еңбектерін насихаттау арқылы ғылымды танымал ету. 

Жас зерттеушілер кеңесінің өз жұмыс жоспары бар. Жас ғалымдарымыз сол жоспарға сәйкес белсенді жұмыс істеп, университеттің алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосып жатыр.