Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының оты­рысы өтті. Онда депутаттар салалық комитеттердің осы аптадағы іс-шара­ларын және 11 сәуірде өтетін Сенат оты­рысының күн тәртібін бекітті.
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының оты­рысы өтті
417
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мем­лекет басшысы су тасқыны салдарынан қа­лып­тасқан ауыр жағдайға байланысты үн­деуін­де белгілеп берген міндеттерге тоқталды.

«Он облыста төтенше жағдай жарияланды. Пре­зидентіміз су тасқыны салдарымен күресуге нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың шығындары толық өте­летінін айтты. Палатамыз да, өз тарапынан, тасқынмен күреске көмек көрсетуде. Бір топ Сенат депутаты зардап шеккен өңірлерге барып, жергілікті билікке және тұрғындарға қолғабыс көрсетуде. Осындай сын-сағатта барша қоғам болып бірлесіп, төтенше жағ­дайдың салдарымен күреске жұмылу аса маңызды», – деді Сенат Төрағасы.

Іс-шара барысында сенаторлар палата оты­рысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес алдағы бейсенбіде депутаттар «ҚР кейбір заң­нама­лық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және оған ілеспе «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарайды. Бұл заңдар от­басылық-тұрмыстық және қоғамдық сала­ларды қоса алғанда, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату бойынша Мем­лекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленген.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырма­ларын орындау үшін тиісті заңдар әзірленді. Сенаторлар әйелдер мен балалардың құқық­тарын қорғау шараларын күшейтуді қолдайды. Заң­дардың қоғамдық маңызды­лығын ескере оты­рып, оларды бейсенбідегі палата отырысына шы­ғаруды көздеп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Құжаттарда көрсетілген нормалар балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастыру­шылық негіздерін жетілдіруге, әйелдер мен балаларға қатысты қыл­мыс­тардың алдын алуға және жолын кесуге ба­ғытталған.

Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл заңдар қо­ғамда үлкен пікірталас тудырды. Осыған бай­ла­нысты сенаторлар азаматтармен жеке кез­десу­лер өткізді және құжаттардың жекелеген норма­ларына қатысты жүздеген өтінішті қарады. Сон­дай-ақ палата Спикері заңның негізгі ереже­лерін түсіндіру жұмыстарын отырысқа дейін белсенді жүргізіп, одан кейін де жоғары деңгейде жалғастыру керек екенін айтты.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету үшін балаларға арналған ин­тернаттық ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың ерекше тетіктері, балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызмет­терін көрсететін мекемелерді лицензиялау мін­деттілігі енгізіледі.

Сондай-ақ Палата отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заң­наманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Бұл құжат тиісті салалардағы заңнама­ны жетіл­діруге арналған.