Волонтерлер мен белсенді жастар және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері ел аманаттаған 30 тоннаға жуық көмекті жүк көлігіне тиеп үлгерген.
Түркістан облысының жұртшылығы республиканың бірқатар өңірінде болған табиғи апатты зор күйзеліспен қабылдауда. Осыдан екі жыл бұрын Мақтаарал ауданында болған тасқын судан келген қауіпті халық әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде жерлестеріміздің басына түскен қиындықты бүкіл ел болып көтеріп, бірімізге біріміз сүйеніш бола білдік. Арқадағы ағайынның үйін су шайып, ауылдары топан судың астында қалғанда, оңтүстік өңірінің жұртшылығы қиындықта қалған азаматтарымызға көмек қолын созуға асықты. Қоғам белсенділерінің, еріктілер ұйымдарының бастамасымен облыстың 17 аудан, қаласында, гуманитарылық көмек жинау бекеттері ашылып, жанашырлық танытқан барлық азамат киім-кешекті, көрпе-төсекті, тұрмысқа қажетті заттарды, азық-түлік тауарын әкеп тапсыруда.
Мақтаарал ауданының тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Қанат Мырзахметов топан судың ауылдарды басып кеткенін естіген бойда дереу жиналмалы қайығын алып, адамдарды, мал-мүлікті құтқаруға жәрдемші болар құрал-саймандарын жинастырып, бір түн ішінде қиындыққа тап болған ақтөбелік ағайындардың арасынан табылуға жолға шыққан. Бүгінде сол төтенше жағдай болған аймақтағы құтқару жұмыстарына белсене араласуда. Қала іргесіндегі су қоймасы маңындағы және осы аймақтағы Елек пен Қарғалы өзені жағалауларындағы үйлерді су ағынынан сақтау, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, малдың суға ағып кетпеуін ұйымдастыру жұмыстарында азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерімен бірлесе жұмыстар атқару үстінде. Тасқын судың зардабына тап болған Ойыл елді мекенінің тұрғындарына көмек көрсетуге ұмтылды. Су астында тұрған, құлауы мүмкін үйлерге азаматтардың кірмеуін ескертіп, тұрғындарға қолдан келер көмегін ұсынуда. Ол қиындықта қалған ағайынның жанынан табылып, қолдауын көрсетуді ерлік деп емес, азаматтық борышым деп біледі.
Ал түркістандық «АМANAT» партиясының өкілдері бауырластығымыздың бүтіндігі сипатында Ақтөбе облысындағы су басып қалған ауылдардың бірі – Ақтөбе облысы Шығанақ Берсиев елді мекенінің тұрғындарын бір ай бойы ас атасы – нанмен тегін қамтуды мойнына алды.
Сонымен бірге Сарыағаш ауданындағы «Бибі ана» шипажайының иесі ТікТок желісінде өзін Ғазиз Шопанов деп таныстырып, су тасқынынан зардап шеккендерді уақытша баспанамен қамтуға дайын екенін мәлімдеді. Кәсіпкер өзінің иелігіндегі сауықтыру орнына 100 адамды орналастырмақ.