Алайда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «су тасқынына байланысты әзірге сырттан гуманитарлық көмек керек емес» дейді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның бірқатар өңірінде болған су тасқынына байланысты бауырлас Қырғыз мемлекеті өз бастамасымен көмек көрсеткен.
«Осыдан 2 күн бұрын Қырғыз Республикасы Төтенше жағдай министрлігінің 15 жүк көлігі мен 1 жол талғамайтын көлігі Қазақстан шекарасын кесіп өтті. Онда 300 тонна жүк бар. Мысалы, су, күріш, қарақұмық жармасы, кәмпит, шай, қант және матрас, жылытқыш, кереует, шатыр болды. Көптеген бауырлас елден телеграмма келіп жатыр. Олар қолдайтынын айтып, ниет білдіруде», – деді Айбек Смадияров.
Сондай-ақ Айбек Серікбайұлы Үкімет су тасқынына қарсы бар күшін салып, күресіп жатқанын жеткізді.
«Елімізде оперативті штаб құрылды. Премьер-Министрдің барлық орынбасары тиісті өңірлерге шықты. Олар өңірлердегі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Материалдық резервтің әлеуетін қолданып жатырмыз. «Қазақстан халқына» қоры мен халық та көмектесуде. Үкімет осы бағытта толыққанды жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Айбек Смадияров.