Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыста төтенше жағдай қызметі мен жергілікті атқарушы органдар ғана емес, қоғамдық бірлестіктер және бизнес өкілдерін де көмек қолын созуға шақырғаны белгілі.
Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Оның ішінде Ақмола облысы да бар. Өңірімізде қазір су тасқынына байланысты ахуал тұрақсыз. Тілсіз жаумен күресте «AMANAT» фракциясының депутаттары да қарап қалмауда. Мәселен, «AMANAT» партиясының мүшесі Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Умар Шоназаров су басқан аудандарға 40 мың дана қап таратып, еріктілерге резеңке етік, эвакуациаланған тұрғындарға азық-түлік пен ең қажетті заттар алып берді. Облыстық мәслихат депутаты Ғалымхан Саханов Атбасар ауданы бойынша су тасқынына қарсы іс шараларға 5 миллион теңге қаражат бөліп, сумен күресіп жүрген төтенше жағдай қызметкерлеріне 2 қой сойып, ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.
Облыстық мәслихат депутаттары Ыбырай Дуанбай мен Құралай Жұмабекова Көкшетау қаласындағы Элеватор мен теміржол ықшамауданында суда қалған тұрғындарға ыстық тамақ ұйымдастырды.
Аршалы ауданындағы Жібек Жолы ауылының іргесін бекіту үшін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, меценат Руслан Шәмкенов 1 миллион теңгеге арнайы техника жалдап, Нұра өзенінің іргесін бекітсе, ал облыстық мәслихат депутаттары Алмаз Мұхамедияев, Клара Мендібаева, Тимур Пшенов, Абай Жорабек, Владимир Камышанский өз округтеріндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді ат салысып, арнайы техникамен ауыл аймақтардың қарын тазалап, ауылдардың іргесін қиыршық таспен бекітті.
Ал Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында судан қорғанысты күшейту, нығайту жұмыстарына Акмола облыстық мәслихатының депутаты, «АМАNАТ» партиясы Қосшы қалалық филиалының партиялық Бақылау комиссиясының төрағасы Айдын Төребаев өз атынан екі ауыр техниканы көмекке ұсынып, қиыршық тас төсеп, ауыл іргесін бекемдеуге қатыстыруда. Депутаттың өзі осы жұмыстардың басы қасында жүр.
Ал Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов бастаған халық қалаулылары эвакуациаланған тұрғындар үшін күнделікті ыстық тамақ, жататын орынмен гигиеналық заттар алып беріп, жалпы сомасы 4 жарым миллион теңгенің көмегін көрсетті.
Аудандық мәслихаттардағы «AMANAT» фракциясының депутаттары да 10 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетті. Атап айтқанда, Бурабай аудандық мәслихатының депутаты Талғат Жапаров арнайы техникамен барып, Кенесары аулының көшесіне арық қаздырып, су жолдарын тазартып, ауылдың іргесін бекітті.
Аманаттықтар қашанда елмен бірге. Жағдай тұрақтанғанша, қайырымдылық көмек жалғаса бермек.