Қала басшысының айтуынша, өзен арнасынан асып кету қаупіне байланысты жағалауды нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде, бірақ адам саны жеткіліксіз болып отыр.
Осыған дейін Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев жерлестеріне құм салынған қапшықтармен жағалауды бекемдеуге көмектесуді сұраған видео үндеу жариялаған болатын. Бейне үндеуінде қала әкімі «Бүгінде өзеннің арнасынан толып кету қаупі бар. 700-ге жуық адам тоқтаусыз жұмыс істеуде. Адамдар шаршады, бізге көмек керек. Барша жанашыр жерлестерімізді көпірге келіп көмектесулеріңізді сұраймын. Көмекке келем десеңіздер, дәл қазір келіңіздер», – деген.
Үндеу әлеуметтік желілерге тараған сәтте қаладағы «Жастар Рухы» еріктілері мен «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері жағажайды күшейту және басқа да жұмыстарға көмектесу үшін діттеген жерге келіп жетті. Партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов атап өткендей, халықтың бірлігі қиын-қыстау кезеңдер мен сынақ уақытында көрінеді дейді.
«Су тасқынының жағдайы қиындап тұр, осы ретте партия шет қалмады, көмекке 100-ге жуық ерікті мен белсенді жұмылдырылған. Облыстық филиал жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті де ашылды. Қазір еліміз қиын сынақты бастан өткеріп жатыр. Халық бірлігі осындай қиын-қыстау кезеңде көрініс тауып, нығайып келеді. Қазір жағалауларды нығайту, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басуынан қорғау жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Көп су келеді деп күтілуде, сондықтан апаттан келетін шығынды барынша азайта аламыз деп үміттенеміз», – деді ол.
Жалпы, Қостанай облысына Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының, партия мүшелерінің және мүдделі тұрғындардың күшімен 21 миллион теңгеден астам гуманитарлық көмек жиналып, жеткізілді. Парламент Мәжілісінің депутаттары, «АМАNАТ» фракциясының мүшелері Еркін Әбіл мен Берік Бейсенғалиев Арқалық қаласындағы эвакуациялау пункттерінде болып, су басқан Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындарымен кездесті, сонымен қатар Амангелді және Жангелді аудандарында болды. Мәжілісмендер өңірде тұрғын үйлерді қорғау және су тасқынының зардаптарын жою бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты.