Қарағанды облысында қарғын судың қаупі сейіліп, келтірілген залал есептеліп жатыр. Айта кету керек, наурыз айының аяғында күн күрт жылынып, бірнеше ауылды су алды. Дегенмен алдын ала дайындық су тасқынын барынша аз шығынмен өтуге септігін тигізді.
Қарағанды облысында қауіп сейілді
261
оқылды

Аймақта су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық Жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жос­пары аясында 20 елді мекенде 90 ша­ра іске асырылды. Бұл өз кезегінде ау­қымды су тасқынын төмендетуге мүм­кіндік берді. 

– Әрине, көп жағдай ауа райына байланысты – күзде топырақтың ыл­ғалдануы, жердің қатуы, күндізгі және түндегі ауаның жылы болуы өз әсерін тигізді. Алайда 2015 жылы болған ау­қым­ды су тасқынынан соң іске асы­рыл­ған жұмыстардың нәтижесінде соң­ғы жеті жылда 122 елді мекенде қы­зыл су жүру қаупін төмендетуге мүм­­­кіндік туды. Әрине, шаттан тыс жайт­тар да болды. Ондай жағдайлар ал­дағы уақытта қайталанбас үшін жұ­мыс­тар жүргіземіз, – дейді Қарағанды об­лысы әкімінің орынбасары Бауыр­жан Асанов.

Тек былтырдан бері облыс бойын­ша 8 шақырым қорғаныс білігі мен дамба орнатылды, өзен арналарының су көтерілу қаупі бар 45 шақырым учас­ке­лері тазартылды. Бұған қоса, 54 су ша­руашылығы нысандары жөнделді. Ав­тожолдардың 66 учаскесінде су өту қа­білеті ұлғайтылды. 

Су тасқыны алдында арнайы қор дайы­ндалып, инертті материалдар мен қаптар әзірленді. Елді мекендерден 3 млн текше метр қар шығарылды. Де­ген­­­­мен де су тасқыны ауқымды болды. 

Облыс әкімі орынбасарының ай­туын­ша, үш су қоймасы арқылы 600 млн текше метр су өткен. Мұндай кө­лем­де су соңғы рет 2017 жылы тіркел­ген. Қазір облыста су тасқыны бәсең­де­ді, жағдай тұрақталды. 

41 үй зардап шекті

Су басқан ауылдарда қайта қал­пы­на келтіру жұмыстары басталды. Ко­мис­сия залал көлемін есептеуді аяқтап қал­ды. Үйлерді сатып алу немесе салу мә­селесі қарастырылуда.

– Барлық зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зардап шек­кен тұрғындардың жағдайын қалып­қа ке­­лтіру үшін барлық қажетті шаралар қолданылып жатыр. Ауызбірліктің арқасында су тасқыны барынша ми­ни­малды шығынмен өтуі үшін барлық ша­раларды қолдана алдық. Бүгінде барлық 237 гидротехникалық нысандар іркіліссіз жұмыс істеп жатыр, қажетті су көлемімен толықтырылған, – дейді Бауыржан Асанов. 

Шет ауданында 41 үй су тасқы­ны­нан зардап шеккен болатын. Залал со­масын анықтау үшін арнайы комис­сия құрылды. Ол Ақсу және Қайрақты ауыл­дарында жұмысын аяқтады, ке­ле­сі кезекте Деріпсал және Красная По­ля­на ауылдары зерттеледі. Мүлік шы­ғы­нын бағалаумен қатар үйлердің тех­никалық жағдайы да анықталады.

Қарағанды облысының әкімі Ер­мағанбет Бөлекпаев Шет ауданында су тас­қынынан зардап шеккен тұрғын­дар­мен кездесіп, төтенше жағдайларды жою жөніндегі штабтың отырысын өт­кізді. 

– Қазір аудандық комиссия бел­сен­ді жұмыс істеп жатыр. Үйлерді тех­­­­никалық тексеру аяқталды, оны ак­кредиттелген ұйым жүргізеді. Тө­лемді келесі аптада бастаймыз. Соны­мен қатар зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы материал­дық кө­мек көрсетіледі, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.

Мал шығыны есептелді

Ветеринариялық стансаның ма­­ман­дары кірген комиссия малдың шы­ғынын анықтады. Су тасқынынан 111 бас мал: 22 жылқы, 72 ұсақ мал жә­не 17 ірі қара өлген. Келтірілген шы­ғын иеле­рі­не өтеледі.

Сондай-ақ ауданда су тасқыны бұ­зып өткен ішкі жолдарды қалпына кел­тіру жұмыстары басталып кетті.

Ауылдарда су тасқыны кезінде 39 мың текше метр еріген су сорылып, 45 мың дана құмды қап төселіп, қорғаныс оқ­пандарын нығайтуға 2,5 мың тонна инертті материал жұмсалды.

Ермағанбет Бөлекпаев ең көп зар­дап шеккен Нұра өзені бойында ор­на­лас­қан Қайрақты ауылында болып, су басқан үйлерді аралап, тұрғындармен сөй­лесті.

– Ешкім үйсіз қалмайды. Барлық қа­жетті көмек көрсетіледі, – деді ол.

Қайрақты ауылында үйлерін су бас­қан тұрғындарға көмірмен көмек көр­сетілді.

Қайырымдылық көмек көрсетілді

Су тасқынынан зардап шеккен­дер­ге алаңдаулы қазақстандықтар да кө­мек­тесуде. Шет ауданына облыстық «Әнет баба» мешітінен, «ӨРЛЕУ» БАҰО» Қарағанды облысы бойынша кә­сіптік даму институты» АҚ филиа­лы­нан, «Шығыс» базарынан және Ди­н­ара Сәтжаннан гуманитарлық кө­мек жеткізілді.

– Наурыздың 29-ы күні бізге су кел­ді. Содан бері жергілікті билік пен құт­қарушылар бізбен үнемі бірге бол­ды. Олар көмек көрсетіп, айналма жол­ды қалпына келтіруде. Келтірілген шы­ғынды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бізге гуманитарлық көмек жинаған қам­қор тұрғындарға рахмет! Бұл табиғи құ­былыс, ешкімді кінәлауға болмайды. Үйім­ді су басты, қорам бұзылды, гара­жым­ды су басты. Мал аман қалды: дер ке­зінде қауіпсіз жерге апардым, – дей­ді Қайрақты ауылының тұрғыны Талғат Әбжанов.

Еріктілер су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына гу­манитарлық көмек ретінде азық-тү­лік, киім және төсек-орын жинады. Гуманитарлық көмек жинау «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында ұйым­дастырылды. 

Жедел жәрдем қызметінің жү­р­гізу­шісі қарағандылық Төреғали Бері­кә­ли­ұлы алғашқылардың бірі болып гу­ма­нитарлық жүктерді алып жүруге ерік­тілер қатарына қосылды.

– Бүгін менің демалыс күнім, құр отыр­май, игі іске қатысуға бел будым. Мен ауылдарға барамын, гуманитарлық көмек таратуға көмектесемін. Белсенді азаматтық ұстанымымызды қазір көр­сетпегенде қашан көрсетеміз? Мен су тасқынынан зардап шеккендерге шын жүректен жаным ашиды және олардың тез арада қайта қалыпқа келулерін ті­леймін, – дейді Төреғали Берікә­ли­ұлы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы