Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жал­ғасып жа­тыр. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде ел бірлігі сынға тү­сер шақ. Осыны сезінген азаматтар бір кісідей жұмы­лып, Батыс жақ­тағы өзендердің арнасын бе­кітіп жатыр.
Ешкім назардан тыс қалмайды
247
оқылды

Орал қаласы бес өзеннің орта­сында орналасқан. Бұл өзендер қа­зір қалаға қауіп төндіріп тұр. Қауіп­т­ің алдын алу мақсатында аймақ ба­с­­шысы өзі бастап Жайық, Ша­ған өзендерінің арнасын бекіту, бө­геттер салу жұ­мыстарымен айна­лы­сып жатыр. Күні ке­ше ға­на өңірге Премьер-Ми­нистр­дің орын­басары, Ұлттық экономика министрі  Нұрлан Бай­ба­заров келіп, тас­қынға қарсы атқарылып жат­қан жұ­мыс­тармен танысты. 

Вице-премьер өңірдегі негізгі су ар­­­насы – Жайық өзенінде су тас­­қы­ны­ның ал­дын алу жұмыста­ры­ның бары­сымен та­­­нысты. Су деңгейінің көтерілуіне бай­ла­­­ныс­ты өзен жағасы құм салынған қап­­­­тар­мен нығайты­лып, ауыр тех­­ни­калар жұ­мыс істеп жат­­қа­нын өз көзімен көрді. 

Еске сала кетейік, Ресейдің Ба­тыс Қа­­­­зақ­стан облысына жа­қын орна­лас­қан Са­­­ратов және Орынбор облыста­рын­­дағы су қой­маларынан көп мөл­шер­де су ке­ліп жа­тыр. Атап айтқанда, Саратов об­­лы­сындағы Приу­зен су қой­ма­сы­нан Қараөзенге се­кун­дына 300 тек­ше метр су құйылуда. Сон­дай-ақ Орын­бордағы Ирикла су қой­ма­сы­нан секундына 2 мың текше метрге жуық су жіберілуде. Бұл су жақын арада Жайық өзені арқылы өтіп, әрі қарай  Кас­­пий теңізіне құяды. Осыған байла­ныс­ты Жайық өзеніндегі су дең­гейі қалаға қауіп төндіруі мүмкін.

«Мамандар жағдайды үнемі ба­қылауда ұс­тауы керек. Үкімет тара­пы­нан барлық қа­жетті көмек көрсе­ті­леді», – деді Пре­мьер-Министрдің орын­басары.

БҚО-дағы 5 ауданда және Орал қала­сын­да су тасқыны салдарынан тұрғын үй­лер мен саяжайларды су басты. Облыс бойын­ша 7 мыңға жуық адам құтқарылды.

Эвакуациялық пункттерде барлық қа­жет­ті жағдай қамтамасыз етілген, су тас­қы­нынан зардап шеккендерге мыңдаған ерік­ті көмек көрсетуде. Халыққа азық-тү­лік пен дәрі-дәрмек, киім-кешек тасы­ма­лы, сондай-ақ кезекшілік ұйымдас­ты­рыл­ған. Оқушылар онлайн-форматта оқуын жал­ғастыруда.

Батыстық азаматтар бас біріктіріп бір­ле­се еңбек етуде. Қалада Жайық, Шаған өзен­дері жағалауларында мыңдаған ерікті жас­тар жүр. Олардың бәрін де «Сүйікті қа­ла­мыз­ды тасқын судан аман алып қала­мыз» деген ізгі ниет біріктірген. Дәл бүгінгі күні Жаңақала, Тасқала, Бәйтерек ау­дан­дарынан ерікті жастар қалаға қарай келіп, ор­наласып жатыр. Тепсе, темір үзетін жі­гіт­тер құм салынған қапшықтарды көлікке тиеп, оны өзен жағасына түсіру, текшелеу жұмыстарына араласып жатыр. 

БҚО-да қызыл судың әлегі басталғалы өз­ге аймақтар қол ұшын беріп, жана­шыр­лық танытып жатқанын айтпай кетсек ұят бо­лар. Бүгінге дейін Алматы, Астана, тіпті Қыр­ғызстаннан гуманитарлық көмек ке­ліп жетті. 

Кеше ғана Астана қаласынан 28 тонна гуманитарлық көмек келді. Айналдырған 15-20 минуттың ішінде жас­тар жүк көлігіне тиелген азық-түлікті тү­сіріп, қоймаға кіргізіп үлгерді. Енді Қыр­­­­ғызстан мемле-кеті жолдаған көмектің ал­ғашқы легі келеді. Осы елге келіп жат­қан көмекті түсіру, орындарына жеткізу іс­терінде де өрімдей жастар уақытпен са­нас­пай, тынымсыз еңбек етуде. Аймақтағы «А­манат» партиясының өкілдерінің ұйым­дастыруымен Қаратаөбе, Сырым аудан­да­рына бірнеше тонна гуманитарлық көмек жө­нелтілді. Тіпті, суға кетіп, көлік жүрмей қал­ған Қаратөбе ауданының Қоржын ауы­лына тікұшақпен гуманитарлық көмек жі­беріліп отыр. 

– Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ау­данының Қарақамыс ауылына «Қа­за­виа­құтқару» АҚ Ми-8 тікұшағымен Тө­тен­ше жағдайлар департаментінің көме­гі­мен Батыс Қазақстан облысының Кә­сіп­кер­лік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан 2 тонна көлемінде гу­манитарлық көмек жеткізілді. Қа­ра­қа­мыс ауылы қазір көлік қатынасынсыз қа­лып отыр. Қазіргі уақытта су тасқынына қар­сы жұмыстарға Төтенше жағдайлар де­партаменті, жергілікті атқарушы ор­ган­дар, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ішкі істер министрлігінен 998 адам, 300 бірлік техника, сондай-ақ ТЖД және ЖАО-дан 124 бірлік мотопомпа жұмыл­ды­рылды. Қорғаныс министрлігінің екі тікұ­шағымен Қаратөбе ауданының 271 тұр­ғын эвакуацияланды. Біздің төтенше­лік­тер мен құтқарушы мамандарымыз тәу­лік бойына қызмет етуде, – деп мә­лім­деді БҚО ТЖД-ның баспасөз қызметі. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ке­шегі халыққа үндеуінде «Су тасқыны бол­ған аймақтарда бірде-бір адам ескерусіз қал­майды, барлығына мемлекет тара­пы­нан көмек болады» деген еді. Осы тап­сыр­маға сәйкес, БҚО-да су тасқынынан зар­дап шеккен ағайынның шығынын есептеу үшін комиссия өз жұмысын бастады. Ай­мақ басшысы Нариман Төреғалиев те «Еш­кім назардан тыс қалмайды, көмек жалпыға бірдей беріледі» деп қатаң талап қойып отыр. 

Президент тапсырмасы аясында об­лыстан 185 бала лагерьге демалысқа бара жатқанын айта кетейік. 

Облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искандерованың айтуынша, демалыс орындарына 185 оқу­шы барады деп жоспарланған. Олар Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары мен Орал қаласынан. Қазір демалыс орнына жол­данған балалардың алғашқы легі жолға шық­ты. Бірінші лекпен аттанған 70 бала 10-24 сәуір аралығында Алматы облы­сын­дағы «Тау жанашар» сауықтыру лагерінде де­­­малады.

Ал 13 бала 10-30 сәуір аралығында Ал­ма­ты қаласындағы «Бөбек» сауықтыру ор­та­лығында демалады. Одан бөлек, 102 ба­ла Қызылорда облысы Қазалы қала­сын­дағы «Камбаш» сауықтыру орталығына жол­данды. Ол жақта оқушылар 10 күн де­ма­латын болады, – деді Білім басқарма­сы­ның бөлім басшысы Хажарбибі Искан­дерова.

Бұл жаңалық ата-аналарды қуантты. Себебі өздері эвакуациялық пунктте жүр­ген балалар үшін бұл үлкен тосынсый бол­ғаны рас. 

– Біздің үйге су кіретін болған соң ав­то­буспен спорт залға жеткізді. Ал бүгін біз­ді Алматыға лагерге жіберіп жатыр. Қа­сымда эвакуциялық пунктте танысқан дос­тарым да бар. Мен бұрын Алматыда бол­маған едім, ол жақтағы демалысымыз жақсы өтеді деген ойдамын. Біздерді Ал­ма­ты қаласына жіберген аға-апаларға, ата-анама ризамын, – дейді қуанышын жа­сыра алмаған Ж.Досмұхамедов атын­да­ғы МББК оқушысы Оразбек Сырымбек.

Тасқынға тосқын демекші, бүгінгі күні Жайық, Шаған өзендерінің айналасындағы бө­геттерді бекіту жұмыстары өте қарқынды жү­ріп жатыр. Облыс әкімі Нариман Төре­ға­лиұлы су жағалауларында орналасқан электр тораптары мен «Батыс су арнасы», «ЖайықЖылуҚуат» мекемесі секілді ст­ра­тегиялық нысандарды күніне екі мәрте барып қадағалап отыр. 

– Қандай жағдай болса да халық сусыз, жа­рықсыз, жылусыз қалмауы керек. Сон­дықтан да мен күніне екі мәрте қаладағы стратегиялық нысандарды аралап жүрмін. Бақылауды күшейте береміз. Қосалқы электр стансасы мен Батыс су арнасы ме­кем­сі Жайықтың дәл түбінде тұр. Біз бұл ме­кемелерді суға батырып қоя алмаймыз, – деді аймақ басшысы Нариман Төреға­лиев. 

Аймақ басшысы күні кеше ғана облыс тұрғындарына үндеу жолдады. Облыс әкі­мі сол үндеуі арқылы қиын-қыстау за­ман­да бірлік танытқан батысқазақстандықтарға алғысын білдірді. 

«Ел басына күн туса, ер етікпен су ке­шер» деген тасқынға тосқын боламыз деп толарсақтан су кешіп жүрген азаматтардың арқасында бұл күндер де артта қалар. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы