Биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету мәртебесіне ие болды. Бұл әлемдік қасіретке айналған Арал теңізінің келешегіне бағытталған келелі істерді қолға алуға зор мүмкіндік туғызып тұр.
Құм көшкінінен сексеуіл қорғайды
747
оқылды

Мемлекет басшысы бі­рінші кезекте Аралдың құрғаған ұлта­нына сексеуіл көшеттерін егу жұмыс­тарын жедел қолға алу қажеттігін баса айтты. Соның негізінде теңіз табанына 15,3 млн түп сексеуіл көшеттерін егу жұ­мыстары жоғары қарқында жүргізіліп, өңір жұртын зор қуанышқа бөлеп отыр.

Теңізді өлкедегі толағай тірлікті Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бақылауында ұстап, баянды бастаманың өз деңгейінде жүргізілуіне баса мән беріп отыр. Іргелі істі аймақ басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқар­ма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Эко­логия және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге аралап, жоғары бағасын берді. Сондай-ақ арнайы делегация Арал, Қазалы аудандарына жасаған сапарында теңіздің құрғаған ұлтанының орамдарын әуеден бақылап, сексеуіл көшеттерін отырғызды. 

Негізінен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпе­лерін егу кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылуда. Атап айтқанда, респуб­лика­лық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар, ал 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілген. Жоспарға сәй­кес, 2024-2025 жылдар аралығында қо­сым­ша 556,2 мың гектар жерге фито­орманмелиорациялық жұмыстарын жүр­гізу көзделіп отыр.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін тартылған теңіздің құрғаған ұлтанының 51,6 мың гектарына 15,3 млн дана көшет отыр­ғызылыпты. Сондай-ақ теңіз табанын­дағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бөлінген. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады деп күтілуде.

Өңірде орман шаруашылығы меке­мелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да назардан тыс емес. Осы мақсатта аймақ бас­шы­сының тапсырмасымен облыстық бюд­жеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бө­лі­ніп, барлық қажеттіліктермен қам­тамасыз етілген. 

Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту бастамасы көңіл қуантады. Атап айтқанда, теңізді аймақ келешегі үшін маңызды жобаны жүйелі жүргізуге белгілі кәсіпкер, меценат  Т.Турлов ықылас танытып, 2 млн АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабыл­даған. Сол сияқты арнайы жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясы да 500 млн теңге бөлетін болды. 

Жалпы, құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тауып тұр. Ел келешегіне негіз­делген ортақ іске кәсіпкерлерді жұмыл­дыру да назардан тыс емес.

Алдағы аптада 20 елдің Қазақстан Рес­­публикасындағы елшілері Арал ауда­нына арнайы келеді деп күтілуде. Ел­ші­лер өз кезегінде аймақтың экологиялық мәселелерімен танысып, оны жақсартуға инвестиция тарту бағытында жұмыс жасайтын болады.

Бүгінде бірегей жоба Арал тағдыры-на алаңдаған жамағаттың кеудесіне үміт сәулесін себелеп тұр. Теңіз ұлтанынан кө­те­рілген тұз бен шаңды дауылға сексеуіл сеп болады деп үміттеніп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы