Өнер иесі әріптестерімен бірге су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қаржылай қолдау көрсетіп жатқанын айтты.
«Ғайбаттаудың қажеті жоқ»: Сәкен Майғазиев әншілерді сынағандарға жауап берді
Фото: instagram.com/saken_maigaziyev
4,023
оқылды

Әнші Сәкен Майғазиев әншілерді айыптаған оқырмандарының сынына жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өнер иесі әріптестерімен бірге су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қаржылай қолдау көрсетіп жатқанын жеткізіп, артық сын айтпауды өтінді.

«Жүрегімізбен, жанымызбен сіздермен біргеміз. «Қасымызда болыңдар» десеңіздер, баруға дайынбыз. Әншілер шамасы келгенше қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Жағдайы барлар миллион теңгеден, жағдайы жоқтар кем дегенде 100 мың теңгеден аударды. Айту керек болса, осыны да айтайық. Дұрысынан түсініңіздер. «Болмайтын адам өнбейтін істі даулайды» деген сөз бар, болмайтын сөзді айта бермейік. ...«Қарға өшін тырнадан алыпты» демекші, кез келген нәрсеге әншілерді, өнер адамдарын қосып, ғайбаттаудың қажеті жоқ. Арыстағы жағдай болсын, Мақтааралды су басқанда да, басқа да жағдайларда басы-қасынан табылдық. Өте ұйымшылмыз, бір-біріміздің сөзімізді сөйлеп, сойылымызды соғуға дайынбыз. Қаншама қайырымдылық қорлары жұмыс істеп жатыр. Көмек көрсетіліп жатыр», –  деді Сәкен Майғазиев.