Ол 2024 жылдың 1 сәуірінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы қызметінен босатылған еді.
Наталья Годунова жаңа қызметке сайланды
600
оқылды

Жоғары аудиторлық палатаның экс-төрағасы Наталья Годунова «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тәуелсіз директоры қызметіне сайланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ жалғыз акционерінің 2024 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры болып Наталья Николаевна Годунова сайланды», – делінген компанияның ресми сайтындағы ақпаратта.

Наталья Николаевна Годунова 1972 жылы 24 мамырда Орал қаласында туған.

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (экономист мамандығы бойынша), Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1993 жылы «Орал» агроөнеркәсіпбанкте» экономист болып бастаған. 1997-2005 жылдары Батыс Қазақстан аумақтық мемлекеттік мүлікті және активтерді басқару комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры болып жұмыс істеген.

2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігінде кеңесші-экономист. 2006-2009 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.

2009-2011 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігінің консультанты, орынбасары, міндетін атқарушы.

2012-2013 жылдары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі.

2013-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, экономика, қаржы және жұмыспен қамту мәселелеріне жетекшілік етті.

2015-2017 жылдары – «Нұр Отан» партиясының хатшысы, «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі бюросының мүшесі. 2017 жылғы желтоқсаннан бастап – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі. 2018 жылғы ақпаннан бастап – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрайымы.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 28 қарашадағы №9 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметті 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін атқарды.