Қазіргі кезде су тасқынының салдарынан өңірлерде ахуал күрделі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізде соңғы бірнеше онжылдықта мұндай көлемдегі су тасқыны болмағанын атап өтті. Су тасқынына байланысты 10 облыста жергілікті төтенше жағдай жарияланды», – деді А.Мерғалиев.
Жоғарғы сот органының басшысы Сот әкімшілігінің департаменттеріне сот ғимараттарын су басу қаупі туындаған жағдайда кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың қатарында әкімдіктер жанындағы жедел штабтармен уақытылы өзара-ісқимыл орнату, сот істері мен материалдарын, қызметтік құжаттамаларды шұғыл эвакуациялау үшін су басу қаупі жоғары аймақтарда әрекет ету топтарын құру және т.б. аталды.
Отырыс барысында су тасқынының салдарын жоюға қатысты істердің ведомстволық соттылығы мен соттылығы мәселелері, сондай-ақ біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету жайы талқыланды.
А.Мерғалиев соттар және СӘ бөлімшелері басшылығының назарын азаматтар арасында туындайтын құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне аударды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғыс айтты. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бұл апатты еңсеру керек екенін де нақтылады.