Әзірге киім-кешек, матрас, көрпе-жастықтан гөрі, су соруға арналған техникалық құрылғылар, генераторлар және қайық керек.
Волонтерлердің арасында оқушы да, студент те, зейнеткер де бар – Ләззат Қалмырза
Атырау жедел штабының instagram парақшасынан алынды
697
оқылды

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, Атырауда Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Өткен тәулікте, яғни 9 сәуірдегі гидрологиялық мониторинг деректері бойынша, Индербор кентіндегі гидропостта БҚО тарапынан судың келуі есебінен cу деңгейі 33 сантиметрге көтерілген. Ал жалпы су тасқыны басталғаннан бері судың деңгейі 216 см көтерілді. Махамбет кентінде су деңгейі 60 сантиметрге, Атырауда 30 сантиметрге ұлғайды. Бұл туралы Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы хабарлаған болатын. Сол жақтағы халықтың хал-жағдайын білу мақсатта «Жастар рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының волонтері Ләззат Қалмырзамен байланысқа шықтық.

Оның айтуынша, Жедел штаб құрылған күннен бастап волонтерлер дамыл таппай жұмыс істеп жатыр. Қазір «Жастар рухы» ЖҚ белсенділерінің саны 250-ден асқан. Жалпы, ел ішіндегі волонтерлердің саны 5 мыңнан асады. Ал Атырауда жаға бекіту жұмысына 9000-ға жуық ерікті атсалысты.

– Біз волонтерлерді жас-жасқа бөліп, бөлектеп жатқанымыз жоқ. Олардың арасында оқушы да, студент те, жұмыскер де, жасы ұлғайғаны да, зейнеткер де бар. Әркім қолынан келерін аяп жатқаны жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, барша жұрт көмектесіп жатыр. Айырмашылығы бәрі бірдей күні-түнімен осы жерде жүре алмайды. Мәселен, оқушылар кешкі 6-дан кейін үйіне қайтарылады. Қарттарымыз да дем алып, күш жинауы керек. Жастар, әсіресе студенттерді ауыр жұмысқа салғаны болмаса, оқушыларға жеңіл-желпі тапсырмалар беріледі. Сондағысы 10 жастағы оқушылар, – дейді Ләззат Қалмырза.

Еріктінің сөзінше, тіпті сырқат жандардың өзі назардан тыс қалмай, дәрі-дәрмегі жеткізіліп, дәрігерлер ем-домын жасап жатыр. Жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетілуде. Кешенің өзінде 2 вагон гуманитарлық көмек келген.

«Көмекке мұқтаж жандар баршылық. Үйінен, мал-мүлкінен айырылғандар саны да аз емес. Күніге бірнеше тонна гуманитарлық көмек келіп жатыр. Оларға қабылдап, кейін мұқтаж ауыл-аудандарға таратылуда. Қай жаққа көмек керек, баршаға көмектесіп, дәрі-дәрмек пен азық-түлікті қамтамасыз етуде. Әзірге киім-кешек, матрас, көрпе-жастықтан гөрі, су алған Құлсары қаласында негізінен ер-азаматтар қалды. Соларға қала ішінде қатынауға көліктен гөрі, қайық тиімдірек. Суға киетін киім, аяқкиім қажет. Су соруға арналған техникалық құрылғылар, генераторлар керек», – деді волонтер Ләззат.

Бүгінде бөгеттерді нығайту үшін 30 мың қапшық құммен толтырылды. Атырау қаласы бойынша жаға бекітуге 107 пункт белгіленіп, бөгет тұрғызу жұмысы тәулік бойы жалғасып жатыр. Бес жүзге жуық арнайы техника мен 9 мыңға жуық ерікті атсалысты.

«Жастар рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының волонтері Ләззат Қалмырза айтуынша, елге әлі де қауіп төніп тұр. Десе де аймақтағы ахуал бақылауда.

– Бізде суға кету қаупі ең бірінші Қызылқоға ауданынан басталды. Мысалы, Қоныстану секілді тағы бір-екі ауылдың азғантай жері суға кеткені болмаса, өзге жердің барлығы құрғатылды. Аудан орталығы Миялы да жағдай тұрақты. Бізге төнгелі тұрған ендігі қауіп – Индер мен Махамбет ауданына келейін деп тұр. Осы екі ауданнан өткен соң Жайықтың жағасын жағалай орналасқан ауылдарға су бармақ. Сол жерлер суға кетіп қалды деген қорқыныш бар. Алайда уайымға бой алдырсақ, ешқандай шаруа шешілмейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз бірлесе жұмыс істесек, төніп тұрған қауіптің алдын аламыз. Арасында аман қалған ауылдар да баршылық. Эвакуацияланған халық та басқа жаққа көшірілді, – дейді Ләззат Қалмырза.