Іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Құлсарыда су басқан үйін көруге кеткен әкесі мен баласы табылмай жатыр – ТЖД ақпарат берді
Фото: Рахим Қойлыбаев
796
оқылды

Атырау облысы Құлсары қаласында құтқарушылар үйлерді су басу кезінде жоғалған әкесі мен ұлын таппай жатыр. Облыстық ТЖД оларды іздеу жұмысы қалай жүріп жатқанын мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, 6 сәуірде Жылыой ауданы Құлсары қаласы 4-ықшамауданындағы Автодорожник көшесінде орналасқан үйдің тұрғындары – 1976 жылы және 2000 жылы туған әкелі-балалы екі ересек адам су басқан үйін қарауға барып, сол уақыттан бері хабарсыз кеткен.

ТЖД өкілдері құтқарушылар жоғалғандарды қалай іздеп жатқаны туралы айтты.

«Хабарлама түскен бойда құтқарушылар аталған мекенжайға барды. Үйдің есігі құрылыс көбігімен бекітілгені анықталды. Аталған шақырту бойынша 6 сәуір күні сағат 20.57-де бес қайық, бір техника (трэкол) жұмылдырылып, құтқарушылар тәулік бойы іздестіру жұмысын жүргізді. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, бес жүзу құралы және бір техника (трэкол) жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары жалғасуда», – делінген хабарламада.

Атырау облыстық ТЖД өкілі Құлсары қаласында 6 сәуір күні су басу салдарынан шақыртулар көп түскенін айтады. Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланған уақыттан 7 сәуірге дейін 26 467 тұрғын, оның ішінде 5 976 бала эвакуацияланған.