Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығына орай Ұлттық музейде «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер
969
оқылды

Көрмеге Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Үкі Әжиев, Айша Ғалымбаева секілді  50 автордың 250 туындысы қойылды. Онда әр композиция белгілі бір тақырыпқа арналған. Атап айтсақ, «Қазақ кескіндемесіндегі тарихи сюжеттер», «Табиғат бейнелері – алуан түрлі мотивтер», «Қазақстан өнеріндегі суретші әйелдер», «Қазіргі заманғы өнер – жаңа есімдер» сияқты тақырыптық аймақтарға бөлінген. Бұл арқылы қазақ кескіндеме мектебіндегі бейнелерді, көркемдік тәсілдер мен әдістерді көре аламыз.

Іс-шараның ашылу рәсімінде музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов Қазақстан өнерінің байлығы мен алуан түрлілігі туралы сөз етті.

– Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Өткен он жыл ішінде ол тарих, ғылым және өнер тоғысатын еліміздің танымал және сүйікті орнына айналды. Көрменің басты мақсаты – қазақ кескіндемесінің дамуын тұтас ауқымды құбылыс ретінде таныстыру, оның әлемдік өнердегі өзіндік орнын бөліп көрсету, –деді А.Сыдықов.

Көрме кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер және зергерлік бұйымдар жинағынан тұратын музейдің көркем коллекцияларынан құралған.  

ҚР Ұлттық музейі баспасөз хатшысы Айгүл Айтмұханованың айтуынша, аталмыш көрме – музейдің 10 жылдығы аясында ұйымдастырылған, алғашқы кең көлемді жоба.  

– Алғаш рет біз сырттан тәуелсіз маман шақырып, кураторлық жоба жасадық. Бүгінгі сарапшы – Ольга Батурина. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өнер теориясы мен тарихынан оқытушы, танымал өнертанушы, Art Society  маманы. Жалпы, Art Society ұжымы өнер саласындағы білім беру, медиа және маркетинг бағыттары бойынша жұмыс істейді. Білікті кадр біздің қорымызға келіп, ең үздік деп таныған туындыларды сұрыптап, таңдап, көрменің ұйымдастырылуына өз үлесін қосты. Мерейтойлық көрме үшін музей қорларынан көрнекті шеберлер мен жас, талантты авторлардың ең үздік көркем туындылары жинақталды, – деді А.Айтмұханова.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті