Мұнда 9 сәуірдегі жағдай бойынша 25 үй толығымен қираған, 12 үй – апатты жағдайда.
Серік Жұманғарин Қобда ауылындағы әлеуметтік мекемелерді тексеріп, тұрғындармен кездесті
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
313
оқылды

Қобда аудан орталығында 1 530-дан астам үй бар. Мұнда су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған. Ауылдағы 279 үй мен 10 әкімшілік мекеме су астында қалды, олардың арасында мектеп, спорт кешені, дүкендер бар.

9 сәуірдегі жағдай бойынша 25 үй толығымен қираған, 12 үй – апатты жағдайда. Тұрғындар 2024 жылғы 27 наурыздан бастап эвакуациялық пункттерге орналастырылған. 

Бұл ауылда су тасқыны жиі болады. Өткен жылы зардап шеккен тұрғындарға бұрынғы саманның орнына кірпіштен жасалған үйлер салынып берілген. Вице-премьер осындай үйлердің біріне кірді.

«Менің бұрынғы 76 шаршы метр үйім саманнан соғылған еді, әрине, проблема көп болды. Қазіргі үйіміз кең, 10 сотық жеріміз бар, бау-бақша өсіруді жоспарлап отырмыз. Мен мұғаліммін, мектепте биолог-географ мамандығы бойынша жұмыс істедім, қазір зейнеттемін. Бүгінде ардагер педагогтер комитетін басқарамын, қоғамдық жұмыстармен айналысамын», – дейді үй иесі Назифа Алдарбекова. 

Серік Жұманғарин су басқан спорт кешенін аралап көрді. Қалпына келтіру жұмыстары әлі басталмаған. Ол сондай-ақ спорт мектебінде орналасқан эвакуациялық пунктіге барды. Мұнда 13 адам орналастырылған, тағы 30 адам – басқа жақта. Кейбір тұрғындар – туыстарының үйінде немесе өз үйіне оралған, басқа барар жері жоқ тұрғындар осы пунктілерге жайғасқан. Олардың арасында 75 жастағы Николай Лашко бар. Оның үйін қалпына келтіру мүмкін емес. Николай Александровичтің жасалған жағдайға шағым айтқысы жоқ, бірақ үйіне оралғысы келетіні сөзсіз. 

Вице-премьер Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевке зардап шеккендерге арнап жаңадан үй салуды тезірек бастауды тапсырды. Ол үшін инфрақұрылым жүргізілген орын қарастырылған. 

Сонымен қатар Қобда ауданын аралау кезінде Серік Жұманғарин батып кеткен үйлер мен Сауқайың бөгетін аралап шықты.