Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Фара Карими бастаған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының деле­гациясымен кездесті. Тараптар өзара іс-қимылды, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы байланысты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
ЕҚЫҰ Парламенттік Асcамблеясы делегациясымен кездесті
528
оқылды

Кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-ны қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты іргелі мәселелер бойынша шешімдер қа­былдау үшін тиімді көпжақты алаң ретінде қа­рас­тыратынын атап өтті.

«Қазіргі таңда ЕҚЫҰ ұйым алғаш құрылған кездегідей Шығыс пен Батыс арасындағы «көпір» ретінде маңызды миссия атқарып отыр. Біз еуро­палық кеңістіктегі негізгі саяси серік­тестеріміздің бірі – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясымен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға мүдделіміз. Қазақстан Парл­аментінің депу­таттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессияларына, оның коми­теттерінің жұмысына және байқау миссия­ларының құрамындағы мін­деттерге белсенді қатысып келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері бүгінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қарым-қаты­настар стратегиялық әріптестік пен одақтас­тыққа табан тірей отырып, дәйекті түрде дамып келе жатқа­нына назар аударды. Бұл мәселеге Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп келеді. Тараптар өңірдегі ынтымақтастықтың жо­ғары деңгейін Парла­менттер арқылы да қолдап отыр.

«Өңірлік жақындасу үрдістері біздің ел­дері­міздің ұлттық мүдделеріне сай келеді. Сондай-ақ Орталық Азияның зор экономикалық және мәде­ни әлеуетін іске асыруға ықпал етеді. Мемлекет басшылары 2022 жылы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытудың достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартына қол қойды. Біз Өз­бекстанмен, Қырғызстанмен және Тәжік­станмен ынтымақтастық жөніндегі екі­жақты парламентаралық комиссиялар ая­сында белсенді жұмыс істеп келеміз. Сонымен қатар жаңа алаң – Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентара­лық форумын құрдық. Форумның алғашқы оты­рысы былтыр Қазақстанда өтті», – деді палата Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ ПА өкілдеріне Мем­лекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысы туралы да айтып берді.

Сонымен қатар Орталық Азия елдеріндегі экологияның жай-күйіне, климаттың өзгеруіне, трансшекаралық өзендерге, суару, су ресурс­тарын үнемді пайдалану және басқа да салаларға қа­тыс­ты өзекті проблемалар талқыланды. Атап айт­қан­да, тараптар Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жобаларға және палатаның осы бағыттағы заңнамалық жұмысына ерекше назар аударды.

ЕҚЫҰ ПА өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-эко­номикалық өзгерістердің маңызына тоқталып, олардың нәтижелерін жоғары бағалады. Сондай-ақ алдағы уақытта парламентаралық ынты­мақ­тастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.