Мәселен, Жамбыл облысындағы партиялықтар қызыл сумен арпалысып жатқан Атырау облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек жолдады. Яғни, су сорғы құралдары, қайықтар, резеңке етіктер, көрпелер, гигиеналық заттар мен азық-түлік өнімдері тиелген екі жүк көлігі жолға шықты.
«Гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен партия белсенділері, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар және кәсіпкерлер азық-түлік, тұрмыстық техника, құрал-сайман жинауға өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ өңір тұрғындары да игі шарадан шет қалмай, қолдан келгенше көмек көрсетуде. Мәселен, аманаттықтар құны 15 млн теңгені құрайтын 20 тонна гуманитарлық көмек жөнелтуге өз үлесін қосты. Сәтін салса, жамбылдықтар жіберген көмек зардап шеккен тұрғындарға жеткізіледі», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Өңір тұрғындары жалпы сомасы 40 млн теңгені құрайтын 70 тонна гуманитарлық көмек жіберіп отыр. Тағы бір айта кететіні, қосымша 30 тонна гуманитарлық көмек ұшақпен Атырау облысына келіп жетті.
Biz Birgemiz қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмекті «Жастар Рухы» мен Қазақстан студенттері альянсы волонтерлері қабылдап алып, тиісті пункттерге жеткізуде. Сондай-ақ волонтерлер қатарына белсінді жастармен қоса, блогерлер, жас журналистер де қосылып отыр.