Бокстан Қазақстан мен КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, Барселона Олимпиадасына қатысушы, Азия ойындарының жүлдегері әрі әлем кубоының иегері Аркадий Топаевты аға буын жанкүйерлер жақсы таниды.
Аркадий Топаев, бапкер: Қазақ боксына қызмет ете беремін
997
оқылды

Топаев –  Серік Қонақбаевтан кейін қазақ боксын биікке көтерген тұлға. Қарағандыдан түлеп ұшқан ол талай әлемдік жарыста намысты қолдан берген жоқ.  Боксшы Аркадийді жастар біле бермеуі мүмкін. Бүгінде бапкерлікке бет бұрған Топаевтың өзі де жарқ-жұрқ өмірге әуес емес. Aiqyn тілшісі жасөспірімдерді баптап жүрген даңқты боксшымен аз-кем тілдесті. 

– Аркадий мырза, жасөспірімдер құ­ра­масын жаттықтырып жүргеніңізді біле­міз. Жақында орныңызға басқа маман сайлапты...

– Енді оған еш реніш жоқ.  Егер басшылар солай дұрыс деп тапса, сөз таластырмаймын. Менің  орнымда кім болса да, қазақ боксының жарқын бола­шағы үшін жұмыс істесе болды. Жасөспірім­дер командасын шамам жеткенше бап­тадым. Талай жас спортшының томағасын сыпырдым. Олардың ендігі аяқ алысын алдағы жылдары байқайтын боламыз.

– Қазір қандай қызметке ауысуды көздеп отырсыз?

– Елге қайтамын. Қарағандым аман болсын. Ес білгелі бокста жүрмін ғой. Осы саладан бір жұмыс  табы­­лар, оған еш алаң­дамаймын. Маған қыз­меттің қай деңгейде болатыны маңызды емес. Менің білетінім – бокс өнері ғана. Сондықтан қазақ бо­ксына қызмет ете беремін.

– Ұлттық құрама боксшыларының аяқ алысын бақылап жүресіз ғой. Астанада өт­кен спаррингтік турнирге қатысты не айта­сыз?

– Қазір әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әрқилы пікір айтылады ғой. Федерация сол сынға жауап беріп, ешкімде күмән қалдырмау үшін осындай тәуекелге барған сияқты. 63,5 келі салмақта Серік Теміржанов жеңуі мүмкін деп болжап едім. Қанша дегенмен Темір­жанов Олимпиаданы да, әлем чем­пионатын да көрген жігіт қой. Дегенмен мен ойла­ғандай болмады. 

Қазір жанкүйерлердің көзі ашық. КСРО кезінде Серік Қонақбаев ағамыз атой сал­ғалы бері қазақ халқы бокс десе, ішкен асын жерге қояды. Боксты өзіміздің төл спор­тымызға балайтынымыз рас. Сон­дықтан жанкүйерлердің әр салмаққа, әр боксшыға алаңдауы да орынды деп ойлай­мын. Бұл турнир көптеген сұрақтың жауа­бын бе­реді. 

– Алғашында 63,5 келі салмақта Төрехан Сабырхан да бағын сынамақ болды. Кейін бапкерлері бұл ойынан айнып қалған. Жалпы, Төреханды өзіңіз де көрдіңіз ғой. Оның әлеуе­тін қалай бағалайсыз?

– Төреханның спаррингтік  турнирге қатыспағаны дұрыс болды.  Ол менің қоластымда жаттықты. Өте жақсы боксшы. Болашағы зор!  Алдағы уақытта қазақ бо­ксы­ның атағын әлемдік деңгейде көтеретін жігіт.  Бірақ ол әлі жас. Жілік майы толған жоқ әлі. Ересектер арасындағы ел чем­пио­натына да қатысып көрмеген.

Ал ересектер мен жастар арасындағы айыр­­машылық жер мен көктей. Әлі жас бала болғандықтан, жарты көңілі залда, жар­ты көңілі далада екенін ұмытпау ке­рек. Егер бұл турнирге қатысқанда Төре­ханды «сын­дырып» алар ма едік?!

Қанша дегенмен ересектер арасындағы тәжірибе мен халықаралық жарыстар үлкен рөл ойнайды. Төрехан – 2028 жылғы олим­пиадада атой салатын жігіт. Сондықтан оны бабымен тәрбиелеп, уақыттан алға озба­ғаны­мыз дұрыс. 

– Төреханның ағасы Махмұд жақында олимпиадалық салмаққа ауысты. Боксшының 57 келідегі аяқ алысы көңіліңізден шыға ма?

– Махмұд –  өте талантты боксшы. Әлем чемпионы атанды, әлемдік сынның күміс медалі де бар еншісінде. Оның әлеуеті өте жоғары. Бірақ 57 келіге әлі де кіші көремін. Боксшы ретінде де, бапкер ретінде де Махмұдты жақсы түсінемін. Салмақ ауыстыру  оңай емес. Олимпиада болса, жақындап қалды. Махмұд таза намыстың арқасында жеңіп келе жатыр. Бұл жігіттің бойында намыс, рух деген тұнып тұр. На­мыс­ты қолдан бермейтін нағыз қазақ бала­сы. Оның таланты мен шеберлігін жоққа шығармаймын. Десе де, жаңа салмақтағы алғашқы жылда ол қарсы­ластарын намыс­пен ұтып  келеді. Уақыт өте келе ол 57 келі­нің үздігі болары анық. 

– Салмақ ауыстыру оңай емес деп қал­дыңыз. 67 келідегі Дулат Бекбауов Олим­пиадаға санаулы ай қалғанда 63,5 келіге түс­ті. Мұндай қадамды қолдайсыз ба?

– Дулат та жақсы боксшы. Әлем чемпио­натының финалына дейін жетті. Жаттық­тыру­шысы да мықты. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты тәрбиелеген. Бапкері Олимпиадаға баратын жолды тегіс өткен адам. Сондықтан мен олардың  Парижге аз уақыт қалғанда ғана салмақ ауыстыру себебін білмеймін. Негізі, Олимпиадаға ертерек қамданған дұрыс. Өздерінің жоспарлары бар шығар, алып-қосарым жоқ.

– Соңғы жылдары қазақ боксындағы жеңісті дәстүр үзіліп қалды. Токио Олим­пиадасы­нан, Ханчжоудағы жазғы Азия ойын­дарынан алтынсыз оралдық. Бұрын әрбір Олимпиада алдында алтынға үмітті боксшы­ларымыз болатын, қазіргі құрамадан оны аң­ғару қиын. Өзіңіз Парижде кімнен алтын күтесіз?

– Бұрын жігіттердің көзі жанып тұратын еді ғой. Қазіргі командамыз да мықты жігіттерден құралған. Алтынға келер болсақ, егер бабы мен бағы келіссе Сәкен Бибосынов чемпион атанады деп ойлаймын. Мен мұны Сәкенге Токио Олимпиадасының алдында-ақ айтқам. Жапон жерінен қоламен оралды, өткен өтті. Токиодағы Сәкеннің айқасын бәрі көрді. Енді оған Парижде сәттілік тілеймін. Сәкен мықты жігіт. Ол Хасанбай Досматовтан да басым боксшы. Аяқпен ойнауы, қолдары­ның ұзындығы, техникасы әлдеқайда жоғары. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ