Әсіресе, облыс орталығы – Қызылорда қаласында жыл сайын көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыстар тұрақты жүргізілгенімен, құрғақшылықтан көптің еңбегі зая кетіп жатады.
Қаладағы көркейтуге байланысты қордаланған мәселені оңтайлы шешу үшін биыл облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылып, жұмысын бастады. Мекеменің негізгі мақсаты – жасыл желекті баптап, қала аумағындағы аяқсу жолдарын аршып, қажетті шараларды жүзеге асыру.
Шыны керек, өңірде жылма-жыл қазынадан қыруар қаржы қаралып, көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлініп келеді. Алайда «әттеген-ай» дейтін тұстары аз емес. Ең қиыны, арықтарға су берілмеуінен көшеттерге күтім жасалмай, көп жағдайда қурап қалып жатады. Ол аз десеңіз, ұзақ жылдан бері қаланың көркін ашып, жайқалып өсіп тұрған талдарды көктем, күз мезгілдерінде жаппай кесуге де тосқауыл қойылмай тұр.
Көгалдандыру мәселесін көңілдегідей жүргізу үшін алдымен аяқсуды реттеу қажеттігі көптен бері көпшілік тарапынан айтылып келеді. Соның негізінде Қызылорданы жасыл желегі жайқалған көрікті мекенге айналдыруға жол ашылары сөзсіз. Облыс орталығында жұмысын бастаған жаңа мекеменің де негізгі мақсаты – осы. Жалпы, міндетті жұмыстарды ұтымды үйлестіру мақсатында қоршаған ортаны көгалдандыру, топырақ құрамын зерттеу, зиянкестермен күресу тәсілін енгізу бойынша аталмыш мекеменің атқарар жұмысы ұшан-теңіз екен. Бұл жайында осыған дейін Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов шаһарды көркейту-көгалдандыруға байланысты өткізілген жиында да кеңінен түсіндіріп өткен болатын.
Ерте көктемнен жаңадан ашылған мекеме мамандары тәжірибе алмасу үшін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ және Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ мамандарымен бірлесіп жұмыстар жүргізді. Нақты айтқанда, тал егу, суландыру бойынша тәжірибе алмасты. Қала әкімі жаңа мекеме осы арқылы алдағы уақытта Қызылорда қаласын көгалдандыру жұмыстары ғылыми тұрғыда негізделіп, жоспар бойынша ауқымды шараларды жүзеге асыру көзделіп отырғанын алға тартты.
Жалпы, облыс орталығын көркейту жұмыстары былтыр да назардан тыс қалмады. Бұл тұрғыда былтыр 484,7 млн теңге бөлініпті. Оған гүлдер мен газондар отырғызу, арық жүйелері тазартылып, көшеттер егу жұмыстары жүргізілген. Арық жүйелері демекші, Қызылорла қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» арналарын күтіп-үстау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына да қаржы қаралып, игерілген.
«Жасыл Қызылорда» КММ-нің негізгі міндетіне қаламызды көгалдандыру мақсатында каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғыма және сорғылар арқылы аяқсу беру, сквер аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, көгалдардыру, күтіп ұстау, сондай-ақ қураған ағаштарды кесу кіреді. Осы аталған жұмыстар жыл басынан бері жүргізілуде. Қазір жоспарлы жұмыстарды жүйелі атқаруға баса мән беріліп отыр. Мамандар барлық қажеттілікті ескере отырып, жұмыс жасауда. Алдағы уақытта қаламыздың жасыл желекті аймаққа айналғанына бәріміз куә болатынымызға сенім зор», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте мекеме басшысы Әжібек Мампаев.
Аталмыш мекеменің мәліметіне сәйкес, биылғы наурыз айынан бастап қаладағы Жібек жолы мен Сарқырама, Табиғат және қалалық каналдарын, қалаішілік арық жүйелерін тазалау жұмыстары қарқын алған. Сонымен қатар Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден сорғы қондырғыларымен аяқсу беру жоспарланып, жүзеге асырылыпты. Оның үш данасы дизельдік отынмен және 16 данасы электр жүйесімен жұмыс жасайтын сорғы қондырғылары болып табылады. Бүгінде аяқсуға арналған «Жібек жолы» каналы бойында және «Сыр ана» монументі жанында орналасқан су сорғы қондырғылары арқылы қалаға аяқсу беріле бастаған.
Мекеме тарапынан бүгінде Тұңғыш президент атындағы саябақта және Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан су сорғыш қондырғылары орнатылып, аяқсумен қамтуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартып отыр. Сонымен қатар 2022-2023 жылдар аралығында 27 бұрғылау жұмысы жүргізілген және бұрыннан жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды да аяқсумен қамту мақсатында электр жүйелеріне қосу жұмыстары ұйымдастырылуда екен. Қазір дәл сондай 10 дана ұңғыма аяқсу беруге толық дайын және қосу жұмыстары жүргізілуде.
«Қаланың аясу жүйелері қайта жаңғыртуды қажет етеді. Биылғы бастама халықтың үмітін қайта оятқандай болды. Талай жылдан бері су бармаған арықтарды аршып, тазалап, аяқсу айдауға күш салып жатқаны қуантады. Дейтұрғанмен, қала орталығымен қатар, шет аймақтың да жайын ескерсе екен. Шеткі аумақтардың сұрқы қашып тұр. Ондаған жыл бойына аяқсу бармаған арықтар бар. Соның салдарынан халық бау-бақшасын жайқалта алмай, көшелері көріксіз күйге түсті. Келесі кезекте осындай келеңсіздіктер қаперге алынып, аталмыш мекеме тұйткілдің түйінін тарқатса, нұр үстіне нұр», – дейді қала тұрғыны Қайрат Сматуллаев.
Қалай дегенде де, биылдан бастап Қызылорданың көркейіп, көгалды аймаққа айналуына «Жасыл Қызылорда» мекемесі зор үлес қосуға ниет білдіріп отыр. Тұрғылықты халықтың да талабы осы. Ендеше облыс орталығынан оталған орман емес, көктеген көшеттерді көреміз деген үміт басым.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы