Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының тапсырмасы бойынша сорғы станциясы биіктігі 1,5 метр болатын 450 метрге жайылған бөгетпен қорғалған.
Роман Скляр Петропавл қаласында ауызсу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды
Фото: primeminister.kz
536
оқылды

СҚО-ның су басу қаупі жоғары елді мекендерін аралау кезінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Кожевенный және Заречный кенттеріндегі бөгеттер құрылысының аяқталғаны туралы баяндамаларды тыңдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар Роман Скляр Тепличное, Прибрежное ауылдарындағы, Ущев көшесі бойындағы арықтарды дайындау жұмыстарын және Петропавл қаласын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған маңызды стратегиялық нысан – «Қызылжар Су» ЖШС-ның екінші деңгейдегі сорғы станциясы бөгеттерінің қорғаныс қабілетін тексерді.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының тапсырмасы бойынша сорғы станциясы биіктігі 1,5 метр болатын 450 метрге жайылған бөгетпен қорғалған.

«Қалаға берілетін ауызсу сапасын тексеру маңызды. Арнайы зертхана екі сағат сайын судың сапасын тексеріп, зерттеп, есеп беріп отыруы керек. Судың келуімен оның жарамдылығы төмендеуі мүмкін. Қала тіршілігін қамтамасыз ету жұмысын үздіксіз жүргізіп отыру қажет», –  деп тапсырды Роман Скляр.

Бірінші вице-премьер су тасқынына қарсы жұмыстардың көлемін бағалап, жол инфрақұрылымы жүктемесін азайту туралы есепті тыңдады. Оның ішінде, үлкен судың келуі туралы жаңартылған болжамды ескере отырып, қатты су басу салдарын азайту процесі қозғалды.