Жылқыны алғаш қолға үйреткен Ұлы даланың перзенті – халқымыз жылқы малын тек тұрмыс-тіршілікте ғана емес, ойын-сауықта да мінді, көңіл серпілтіп, бой сергітті. Осылайша, ат спорты бүгінде ұлттық спорт түрлерінің өзегі ретінде бізге дейін жетіп отыр.
Дегенмен, осы салада түйткіл көп. Ат спорты, соның ішінде бәйгені ұлттық бренд ретінде танытып, ел экономикасына пайда әкелу үшін қалай дамытамыз? Жастар, соның ішінде ауыл жастарына бәйге әлеуметтік лифт бола ала ма?
Ат спортын жарнамалауда проблема аз емес
Ғылыми айналымда адам баласы жылқыны қолға үйреткеніне 5 500 жылдан асқаны туралы тұжырым бар. Кейіннен жылқы малы нақты қазақ даласында, Ботай тұрағында алғаш рет қолға үйретілгені заттай деректермен дәлелденген болатын.
Бұған кейіннен батыс ғалымдары да назар аударып, мойындай бастады. Мәселен, британдық зерттеуші Кимберлей Броун Horse журналына жазған мақаласында жылқы еуропалықтар ойлағаннан да көп уақыт бұрын Азияда қолға үйретілгенін жазған. National Geographic News ғылыми журналында «Қазір Қазақстан деп аталатын елдің жерін мекендеген далалық өлке тұрғындары алғаш болып жылқыға мінген, оның сүтін ішкен...» деген тұжырым жарияланды.
Дегенмен, ғылыми ортада оқтын-оқтын айтылып, ішінара мойындалса да, көпшілік бұл фактіні біле бермейді. Алыс-жақын шет елдерді былай қойғанда, біздің қоғамға да бұл беймәлім екені жасырын емес. Жақында «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы меморандумға қол қойып, түрлі бастамаларды талқылаған болатын. Сол кезде осы Ботай мәдениетін кеңінен насихаттау мәселесі айтылғаны қуантты. Бұл бағытта келісімге келген қос тарап Астана қаласындағы саябақтардың бірінде Ботай жылқысына ескерткіш орнату және ашық аспан астында Ботай мәдениетінің мұражайын ұйымдастыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Жалпы, Ботай мәдениеті, ғылыми тұжырымдар ғана емес, ат үстінде орындалатын сайыстар мен ойындар, яғни ат спортына қатысты да осыған ұқсас проблема қалыптасқан. Мәселен, басқасын былай қойғанда, ат спортының мәртебесі зор, бәсі биік үлгісі – бәйгенің өзі ас пен тойдан ары аспай келгені қынжылтады.
Бәйгенің бәсі неге биік емес?
Иә, сол даланың перзенті ретінде, ат үстінде, түйе қомында күн кешкен көшпенді қазақтың ат құлағында ойнауы заңдылық. Ат бәйге, көкпар, аударспақ, теңге ілу, жамбы ату, шеген, қыз қуу сынды ат үстіндегі ұлттық ойындарымыздың пайда болуы да таңырқайтын дүние емес.
Жалпы, өзіміз дамыта алмай отырғанымыз болмаса, ат спорты ойындары ең көп таралған халық – қазақ қоғамы. Кенжелеп қалуымыздың салмақты себептері бар екеніне қарамастан, әсіресе бәйгенің тасада қалып келгені көңіл қынжылтады.
Малды ғана емес, жанды да жалмаған талай жұт пен қасіретті оқиға жылқы малының азаюына да себеп болғаны белгілі. Қазір Қазақстан жылқы саны бойынша 3,8 миллион бас жылқымен әлем бойынша 6-орында деген дерек бар. Бұл тізімде біз АҚШ, Мексика, Бразилия, Қытай, Моңғолиядан кейін тұрмыз.
Ипподром саны жағынан әлемдегі ең соңғы орындардың біріндеміз. Бұл көрсеткіш бойынша да АҚШ көш бастап тұр. Ипподром санынан жер көлемі бізден бірнеше есе кіші Ұлыбритания, Франция, Жапония сияқты елдердің алғашқылардың бірі болғаны да айтарлықтай сын. Ал әлем бойынша жыл сайын 140 мың ат жарысы өткізіледі екен...
Алпауыт нарық, есепсіз пайда
Өкінішке қарай, бүгінде ат спорты десе, алдымен қазақ емес, өзге жұрт елестейді. Мәселен, Олимпиада ойыны саналатын ат спортының отаны Үндістан және Грекия саналады. Еуропа елдерінде бұл ақсүйектер ермек етіп, ерекше ықылас қоятын спорт түрі деп есептеледі. Тіпті жеке мәдени қабат, көптеген жұмыс орнын ұсынып, миллиардтаған еуро айналып жатқан алып нарық десек артық емес.
Мұның пайдасын ұғынған кей елдердің үкіметі саланы қолдауға ерекше ықыласты. Мәселен, Ұлыбритания үкіметі жыл сайын 60 миллион фунт стерлингке дейін субвенция ретінде тікелей немесе жанама түрде қаражат бөліп, оның орнына одан да көп пайда алып, асыл тұқымды жылқыларды көбейтіп, ат жарыстарын көбірек өткізуге ынталандырады. Елдің ауылдық жерлерінде ат спорты өнеркәсібі 15 000 жұмыс орнын ұсынады екен. Ал ат жарысы мен асыл тұқымды жылқы бизнесінің жалпы айналымы – 3,4 млрд фунт стерлинг. Сәйкесінше, мемлекет те олжалы: ат спортынан жыл сайын ел қазынасына шамамен 300 млн фунт стерлинг түседі екен.
Әуелде айтып өткендей, Халықаралық ат жарысын ұйымдастырушылар федерациясының ұйымдастыруымен жыл сайын әлемде 140 мың ат жарысы өткізіледі, онда жүлде ретінде 3 млрд еуродан астам ұтыс тігіледі.
Көрермендер, туристер үшін ат жарысы – әлеуметтік шара, тамашалауға таптырмайтын көрініс. Мельбурн кубогының бір өзі ғана 80 мыңға дейін көрермен жинайды екен.
Букмекерлер үшін де ат спорты табыс көзі екені де жасырын емес. IFHA есебінше, 2018 жылы ат жарысына байланысты букмекерлік кеңселердің жалпы айналымы 109 миллиард еуроны құраған. 1967 жылы IFHA құрылғаннан бері бәс айналымы тұрақты өсіп келеді. ЖІӨ деңгейі Қазақстаннан да төмен елдерде ат жарысындағы бәстің айналымы біздің мұнай саласындағы компанияларының кірісімен иық тірестіре алатындай дәрежеде екен. Мәселен, Кипрде – жылына 32 миллион еуро, Мароккода – жылына 639 миллион еуро, Панамада жылына – 39 миллион еуро.
Ал бұдан түскен пайда ел қазынасын толтырып қана қоймай, ат спортының одан әрі дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Яғни бұл қаражат айналымы ат спортының ауқымын кеңейтуге жұмыс істейді.
Жемісті ынтымақтастық
Осы үрдістің елімізде де қалыптасып келе жатқаны байқалады. Мәселен, Olimpbet букмекерлік компаниясы Бәйге федерациясын қаржыландыруға атсалыса бастаған. Olimpbet Қазақстан компаниясының даму жөніндегі директоры Абзал Қалиевтің айтуынша, ұлттық спортымыз – бәйгені дамыту үшін жасалған бұл қадам тарихи әділдікті орнатуға сеп болуы керек.
– Біріншіден, бәйге – қазақтың ең көне ұлттық спорт түрінің бірі. Мұнда ұлт рухы, дәстүрі бар. Бәйгенің ахуалы қазір ойдағыдай емес екенін көріп, оған жаңа тыныс беруді шештік, – дейді ол.
Бұған алғаш қызығушылық танытқан кезде олар тәуелсіздік алғалы бері бәйгеден ешбір ұлттық біріншілік өткізілмегенін анықтаған.
– Біздің Федерациямен ынтымақтастығымыз 2022 жылы басталды. Сол кезде біз алты өңірде бәйге өткізіп, Қазақстанның алғашқы чемпионатын ұйымдастырдық. Ал 2023 жылы әртүрлі қалада чемпионаттың 8 кезеңі өтті. Биыл 10 өңір қатыспақ, – дейді Абзал Қалиев.
Абзал Қалиев «Жыл таңдауы» сыйлығында «Olimpbet – Қазақстан спортындағы №1 инвестор» марапатын алады
Оның айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардан айтарлықтай нәтиже байқалып отыр. Саланы дамытуға септігін тигізетін бірқатар қадам жасалған, салынып отырған инвестиция да үлкен маңызға ие екен.
– Басында айтып өткенімдей, өкінішке қарай, ата-бабаларымыздың сүйікті спорт түрі бәйге туралы ел ұмыта бастады. Даму болған жоқ деуге де болады. Шағын жарыстар ұйымдастырылды, бірақ құрылым, ереже және, ең бастысы, бәрін бақылайтын ұйым болмады. Федерация құрылған соң нақты ережелер бекітіліп, стандарттар пайда болды. Ал Оlimpbet инвестор болған кезден бастап, дамуға жол ашылды десем артық айтқаным емес. Өйткені, бір нәрсені дамыту үшін оған қамқорлық қажет екені анық, – дейді ол.
Абзал Қалиевтің айтуынша, биылғы маусым енді ғана басталып жатыр, бірақ жылқы сатып алудан рекорд тіркеліпті. Яғни, қазақстандықтар ат жарысына көбірек қатысуға ұмтылуда.
Бұдан бөлек, ол жаңа жұмыс орындары құрылып жатқанын айтады. Қалаға кетіп, базар жағалап кеткен жастар ат спортымен айналысу үшін ауылға оралып жатыр екен. Ауыл тұрғындары жылқы шаруашылығымен белсенді айналыса бастаған.Бұл ретте Еуропаға әйгілі шабандоздардың бірі Бауыржан Мырзабаевтың оқиғасы арман қуған жастарға үлгі, мүмкін емес көрінген қиялдың қолжетімді екенін дәлелдейді. Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы, сондай-ақ жокейлер арасындағы Еуропа чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, екі рет жеңімпаз атанған ол 2023 жылы Германияда 6 рет, Жапонияда 25 рет, Францияда 60 рет жеңіске жеткен.
Серіктестік арқылы жеткен жетістіктер мен нәтижелерді бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев та растап отыр. Федерация президентінің сөзінше, бірінші жыл процесті ретке келтіріп, жұмысты жүйелеген, жылқы иелерімен байланыс орнатып, бәйгені танымал етуге қадам басқан жыл болған.
– Olimpbet-пен жасалған жемісті келісімнің арқасында біз жарыс кестесін құра алдық, оған сүйене отырып, жылқы иелері өз жылқыларын дайындай алады, шабандоздарды дайындап, тәрбиелей алады. Бұл қадам бәйгенің дамуына ықпал етіп қана қоймай, жалпы жұртшылықтың осы спортқа деген қызығушылығын арттырады, – дейді ол.
Қанат Көпбаев Аламан бәйге бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының іріктеу кезеңінің жеңімпазы Хамза Марланұлын марапаттап жатыр, Көкшетау қаласы.
Сондай-ақ, 2023 жылы жарыстар БАҚ пен әлеуметтік медиада кеңінен насихатталып, әрбір кезең тікелей эфирде көрсетілген. Бұл – бәйгені танымал етіп, көрермендердің қызығушылығын еселеуге үлес қосатыны сөзсіз.
Көзделген жоспар қандай?
Қос тарап ынтымақтастықты одан әрі жалғап, саланың тынысын ашып, бәйгенің бәсін биіктетуде бірігіп жұмыс істей беруді ниет етіп отырғанын айтады. Бұл ретте нақты жоспарлар мен белгілі бір межелер нақтыланыпты.
– Федерациямен ынтымақтастығымыздың келесі кезеңінде біз Қазақстанда туған жүйрік жылқылар санының өсуін ынталандыруға мүдделіміз. Яғни, отандастар жергілікті жылқы тұқымдарын ет ретінде емес, болашақта Еуропаға сатуға болатын жылқылар ретінде өсіруге мүдделі болуы керек, – дейді Абзал Қалиев.
Жақында біріккен Араб әмірлігіндегі Мейдан ипподромында өткен аламан додаға Батыс Қазақстан облысынан Тілек Мұханбетқалиевтың «Қабірхан» атты тұлпары 2 000 метрлік жарыста ұлы көштің басын бастап келген болатын.
Осылайша сәйгүлік әлем елдерінің алдында бәсімізді биікке көтерді. Осыны ескерсек, біздің де олқылықтың орнын толтырып, сәйгүлік сайыстарының мәртебелі мінберінен көрінуге деген мүмкіндігіміз бары даусыз.
– Қазір бәйге федерациясы дамып келеді, оның қызметі мемлекеттік деңгейде байқалып отыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында біздің шабандоздарға үлкен үміт артылады. Біз еліміз ғана емес, басқа көшпелі халықтар да жақсы көретін осы спорт түрін дамытуға үлес қосқанымызға қуанамыз, – дейді Абзал Қалиев.
Ал, Қанат Көпбаев бұл атқарылып жатқан шаралар тек экономикалық жағынан ғана емес, бәйгені ұлттық спорт түрі ретінде танытып, ұлттық мұраны сақтау тұрғысынан қолға алынғанына тоқталды.
– Жылқы өсіруге баса назар аудару тек экономикалық немесе спорттық таңдау ғана емес, сонымен қатар ұлттық мұраны сақтаудағы маңызды қадам, – дейді федерация президенті.
Қорыта айтқанда, ат спортын, соның ішінде бәйгені таныту – ұлттық бренд ретінде де, экономикаға үлес ретінде де аса маңызды. Бұл бағытта жүйелі жұмыс пен жауапкершілік қажет. Ал жаңа бастамалар мен серіктестіктердің нәтижесі алдағы уақытта айқын көріне бастайтыны анық.