"Жастар рухы" Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының волонтері және "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Владислав Толочко ел-жұрттың ауызбіршілігіне ризашылығын білдірді.
Жарықсыз қалған ауылға генератор тікұшақпен жеткізілді – волонтер Владислав Толочко
850
оқылды

Ақтөбе аймағын су басып, мал-мүлік суға кеткен күннен бастап табиғи апатпен күресуге атсалысқан құтқарушылардың қатарында жастар да бар.

– Апат айтып келмейді ғой, алғашқы кездері қиналдық. Бірақ "жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, қазір жағдай тұрақталды. Күндіз құмды қапшыққа салып, бекініс жасасақ, түнімен адамдарды эвакуацияға арналған арнайы орындарға, яғни мектептерге көшірдік. Келіп жатқан гуманитарлық көмек те үзілген емес.  Соларды реттеп, ауыл-ауылға жеткізіп отырмыз. Құтқарушылардан бөлек Ассамблея жастары, "Жастар рухы" Жастар қанаты, Жастар ресурстық орталығының мамандары секілді үлесін қосып жатқандар да көп. 

Бір сөзбен айтқанда, аймақтың әрбір тұрғыны бұл жағдайға бей-жай қарап отырған жоқ. Жұрттың байланысы – WhatsApp. Апат кезінде "қыздарға көмек", "балаларға көмек", "автоволонтерлер", "балықшылар" деген группалар ашылды. Содан әркім қай бағытта қол ұшын бере алады, сол топқа тіркелді. Қазір әр топта 300-500-ге жуық адам бар. Мысалы, қыздар тобында негізінен қыз-келіншектер топтасқан. Олар сыртта жұмыс істеп жүрген ер-азаматтарға тамақ істеп, балаларға қажетті көмегін көрсетіп отыр. Ер-азаматтар тобы сырттағы жұмыс, яғни топырақ тасып, арық қазу, бекініс салу сияқты іспен айналысады. Балықшылар  қайықтарын берсе, автокөмек көлік мәселесін шешуге атсалысты. Міне, осындай кезеңде халықтың ауызбіршілігіне тәнті боласың. 

Тіпті, өзім туып-өскен «Көк үй» ауылын тасқын су басып қалды. Салдарынан екі жерден электр бағандары зақымданып, тұтас ауыл жарықсыз қалған. Әкем электрик қой, ауылдағы жағдайды айтып берген. Дәл сол кезде өңірімізге «Біз біргеміз» қорының жетекшісі Перизат Қайрат пен «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова келген болатын. Соларға бар мән-жайды баяндап, электр генераторларын алуға көмек сұрадым. Олар бірден келісіп, ауылға генераторлар мен гуманитарлық көмекті тікұшақпен жеткізіп берді. Қазір ауылда жарық бар. Су толық тартылғанша, жарық сонымен беріліп отыр. Жиренқопа ауылы арқылы азық-түлік көмегі жеткізілді. 

Бұл апатты жеңуде халықтың бірлігі өте маңызды. Сондықтан сын-сағатта бір-бірімізге көмек көрсете білейік! Сабыр сақтап, бірге болайық!, – дейді Владислав Толочко.