Желі қолданушылары түрлі пікір жазған.
«Депрессияға түсіріп жіберді»: айтыскер Сырым Әуезхан әні үшін халықтан кешірім сұрады
8,104
оқылды

Айтыскер ақын Сырым Әуезхан «Біз біргеміз» әні үшін халықтан кешірім сұрады. 

«Құлсарыдағы су тасқынына көмектесейін деп келгелі «Біз біргеміз» әнінің көзін құрту керек» дегенді көп естідім. «Қиын-қыстау, қилы заманда, не болмаған байтақ даламда» деп басталатын әннің авторы мен едім. Халықтан кешірім сұраймын. Екіншіден, әннен басқа да себептерді қарастырып көрсеңіздер деген ұсыныс бар. Осы әннің артынан жақсы мағыналы, елге пайдалы, елдің рухын көтеретін ән жазсам ба деген ниет бар. Сондай әншілер болса, хабарласыңыздар, – деді ол. 

Сырым Әуезханның сөзін айтыскер Жандарбек Бұлғақов жалғады. 

«Сырымның мына әні 2019 жылы шығып еді, артынша ковид келді, Қаңтар оқиғасы болды. Енді, міне, су тасқыны келді. Бүйте берсе елдің әнұранына айналып кететін болды өзі. Керегі жоқ екен. Жазып отырған адам пейілі дұрыс болмаған соң, әні шындыққа айналып кетеді екен ғой. Қазір бұл әнді футболдан жеңілсе де қосып қоятын болды», – деп әзілдеді айтыскер. 

Бұған желі қолданушылары түрлі пікір жазған. «Су тасқыны болмаса осы әннің авторы сіз екенін білмей кететін бе едік, кім білсін", "Азық-түлік арзандап, айлық пен жәрдемақы өсіп кететіндей ән керек", "Депрессияға түсіріп жіберді осы ән, шыны керек" деп жазды оқырмандар.